Түлеп ұшты түлектер

2024 жылғы түлектер 11 жылда сусындаған бар білімін салып, мемлекеттік емтихандарын аяқтады. Биыл Қазақстан бойынша 186 мың түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Ал, ауданымыз бойынша 75 түлектің 2-уі «Алтын белгі», 15-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Сонымен қатар, бүгінгі күні 117 мың талапкер негізгі ҰБТ тапсырып үлгерді. Көрсеткіштер жаман емес, тапсырғандардың 75%-ы шекті баллдан аса алды.

Жуырда №1 тірек мектебінің алаңында түлектерге Аттестат табыстау рəсімі өтті. Мектеп бітіруші 29 түлектің 9-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. Бітіруші 11 сынып оқушыларымен қатар, 9 сынып оқушылары да өз аттестаттарын қолына алды. 27 оқушының 2-уі «Үздік» болып танылды. Ата-аналардың атынан ыстық ықыласты Жарасбаева Балымша апа білдірді. Ту көтеру рəсіміне Гүлназ Əбішева, Фархат Марат, Жанбота Ибрагим лайық деп танылып, мемлекеттік Туымыз көтеріліп, Əнұран шырқалды. Кейін түлектер атынан «Үздік аттестат» иегері Аяулым Ерғалиева сөз сөйлеп, сыныптастарына сəттілік тіледі. «Үздік аттестат» иегерлері Арай Мыңбаева, Елдара Обайдуллина жəне оқу екпіндісі, əн байқауларының жүлдегері Назерке Байшат əн-шашуларын орындап, өнерлерін паш етті. Балаларының ержетіп, білім ұясынан ұшқалы тұрғанын тамашалап отырған ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Қимастықпен толқып тұрған ұстаздар да тілектерін білдірді. Біз өз тарапымыздан жас тұлектерге ақ жол тілейміз.