Депутаттар – ел ішінде

Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенаты мен Мəжіліс депутаттары Серік ШАЙДАРОВ, Советбек МЕДЕБАЕВ жəне Аманжол ƏЛТАЙ Ұлытау ауданына да атбасын бұрды.

Халық қалаулылары ауданға сапарын Жезді кентінен бастады. Олар кентте су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Орайы келгенде айта кетейік, Жезді кентіндегі Сəтбаев көшесінің бойында көлемі 80 шаршы метр болатын үш баспана салынуда. Қазіргі таңда үйлер тұрғызылды. Ішкі жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілермен мəселе жоқ. Депутаттар өз кезегінде жаңа құрылыстың тұрғындар ойынан шығуы маңызды екенін жеткізді.
Құрметті меймандар келесі кезекте кенттегі денешынықтыру жəне сауықтыру кешені болуы тиіс ғимараттың құрылысын қарады. Қазіргі таңда нысанда ішкі жұмыстар атқарылуда. Спорт нысаны биыл жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Жезді кентіндегі құрылыс жұмыстары созылып кеткен нысанның бірі – аурухана. Бұл емдеу мекемесі Ұлытау облысындағы ең ескі медициналық нысандардың бірі болатын. Биыл ғимарат толық жаңартылды. Қазіргі таңда қасбетін жаңарту жұмыстары аяқталып, аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халық қалаулылары істің атқарылу барысын бақылады.
Жұмыс сапары барысында депутаттар Қарсақбай кентінде де болды. Халық қалаулылары аймақтағы аурухананың тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар мəселеге назар салды. Қарашаңырақтағы мəдениет ошағына да бас сұқты. Қарсақбайдағы мəдениет үйі былтыр күрделі жөндеуден өткен болатын. Депутаттар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасында есік-терезесінен бастап, еден-шатырына дейін толық айырбасталған ғимаратты аралап, ондағы кітапхана жұмысымен танысты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.