Жемқорлықпен күрес – ортақ міндет

Бүгінде сыбайлас жемқорлық мəселесі бүкіл əлемнің басты проблемаларының бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат жəне қоғамдық бəсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, жойылмай отырған кеселдің бірі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мəселелері жыл сайын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланады. 2023 жылғы 1 қыркүйекте Президент өзінің «Əділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға барлық бағыттар бойынша жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте əрекетсіздік азаматтардың наразылық сезімдері мен құқықтық нигилизмнің өсуіне əкеледі. Мемлекетімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпымемлекеттік мəртебе берілгендіктен, сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу жəне шектеу бойынша қоғамдық жəне саяси күштермен бірлесіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-əрекеттер əр салада жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сəйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Аталған қылмыстық əрекет — ол қоғамның барлық салаларына: саясатқа, экономикаға, əлеуметтік салаға кері əсерін тигізетіндігін ескере отырып сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы жəне адамгершілік міндеті деп білуіміз керек.

Аян ƏБЖАМАЛОВ,
Ұлытау ауданы əкімінің орынбасары.