Ата-аналардың алғысы шексіз

№1 Ұлытау Тірек мектебінде мұғалім Ақбілек Қахарманқызының ұйымдастыруымен «Аттанайық бала шақтан болашаққа» атты 4 «а» сынып оқушыларының бастауышпен қоштасу шарасы өтті.

Мерекелік іс-шараға мектеп мұғалімдері мен ата-аналар қатысты. «Бастауыш» атты ғарыш айлағынан 4«а» атты ғарыш кемесімен орта буын ғаламшарына ұшқан сəтті оқушылар əдемі көріністерімен көрсетті. Жүргізушілер Абуов Бақдəулет пен Əйтен Сезім кештің шымылдығын ашты. Бастауыш табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларға мектеп директоры Жанар Бейсенқызы құттықтау сөз сөйлеп, сəттілік тіледі. Оқушылар «Ұстаз ана», «Ұстазға қошемет» атты əсем əн шырқап, «Ғаламшар» жəне «Звездочка» билерін билеп, «Пəндер айтысынан» көріністер көрсетті. Жеке орындауда Əдемай Рахатқызы «Бастауышпен қоштасу», Əйтен Сезім «Мектебім», сынып жетекшісі Ақбілек Қахарманқызы оқушысы Сарсен Мансұрмен бірге «Ұстаз бен шəкірт» əнін айтып, атаулы шараны аяқтады. Сыныптың жетекшісі оқушыларын бастауышты бітіргені туралы дипломдармен марапаттады. Кеш соңында ата-аналарының атынан Меруерт Əбдраева ыстық лебізін білдірді.
Алғаш қалам ұстатып, əріп танытқан, 4 жыл бойы маңдай терімен, еңбегін сіңіріп, орта буынға дайындап білім берген аяулы ұстазымыз Ақбілек Қахарманқызына алғыс айта отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілегіміз келеді. Əлі талай шəкірттерді тəрбиелеп, бүгін еккен дəндеріңіз, ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі болсын дейміз. Білімнің сара жолы бастауыштан басталатыны, бастауышта алған білімнің негіз болып қаланатыны белгілі. Бастауыш сыныпты аяқтап, орта буынға жолдама алған балаларымызды оқу білім, ізденіс жолдары, жаңа ұстаздар күтіп тұр. Балаларымызға сəт-сапар, болашақтары жарқын болсын деп тілейміз.

Сандуғаш ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ,
ата-ана.