Мемлекет басшысы Иран Президенті Ибрахим Раиси қаза табуына байланысты иран халқына көңіл айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Иран Ислам Республикасының елшілігіне барып, Президент Ибрахим Раиси мен Үкімет делегациясы мүшелерінің тікұшақ апаты салдарынан қаза табуына байланысты иран халқына көңіл айтты және қолдау білдірді.
Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
– Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің және Үкімет делегациясы мүшелерінің мезгілсіз қазасы туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Өз ұлтының ұлы перзенті Ибрахим Раиси – Отанына адал қызмет еткен тұғырлы тұлға. Біз оны парасатты басшы, беделді саясаткер, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірген қайраткер ретінде әрдайым есте сақтаймыз. Қазақ халқының және өзімнің атымнан ирандық бауырларымызға қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат, рухы пейіште болсын! – деп жазды Мемлекет басшысы.