Қарағанды облысы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын кең сипатта атап өтеді

Қарағанды облысында 2021 жылы 27 әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, кезекте тұрғандарға 3 мыңға жуық пәтер беру жоспарлануда. Осы және басқа да іс-шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылған. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен онлайн-кеңесте облыста атаулы күнді қалай атап өтетіні туралы айтылды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуде әлеуметтік салаға, атап айтқанда, тұрғындарды тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етуге, білім беру, спорт және денсаулық сақтау нысандарын ашуға басты назар аударылатын болады. Барлығы 27 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланған.  Сонымен қатар, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін және Қарағандыда 110 жылдық мерейтойына орай Қасым Аманжоловтың үйін ашу көзделіп отыр.

662 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Кезекте тұрғандарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша 3 мыңға жуық пәтер беріледі. Тек құрылыс саласында 4 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеуге 156 іс-шараны қамтитын өңірлік жоспар және «Ордалы отыз іс» жеке жоспары әзірленді.

 Тәуелсіздік күніне арналған барлық маңызды іс-шаралар 12 тақырыптық бағытқа бөлінген.

— Мысалы, ақпан айының тақырыбы — «Қазақстан — спорттық ұлт». Бұл айда қысқы спорт түрлерінің фестивалі және «Спорттық отбасы — дені сау ұлт» отбасылық спорттық жарыстар өтеді. Наурыз айында «Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті» атты іс-шара өтеді. Ай «30 игі іс» қайырымдылық марафонынан басталады. Маусым — патриотизм айы және т.б., — деп түсіндірді ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.

— Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент қажетсіз іс-шараларға артық шығындарға жол бермеуді тапсырды. Сонымен қатар, мерекені атап өте отырып, біз адамдардың әл-ауқатына ерекше назар аударуымыз керек, — деді Жеңіс Қасымбек.