БЕРЕКЕ КІЛТІ – БІРЛІКТЕ
Ұлытау облысының орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жезқазған қаласының тұрғындары мен қонақтары жиналған салтанатты жиында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, су тасқыны кезеңінде көмек қолын созған, өңірдің қоғамдық ісіне белсенді араласқан азаматтарды Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапаттады.
«Жасыратыны жоқ, мамыр айының бұл мерекесі туған жерге деген жанқиярлық сүйіспеншіліктің жарқын символы саналады. Ел көлемінде орын алған су тасқыны кезінде біздің облыстың тұрғындары да қарап қалған жоқ. Өз өңірімізде де, көрші облыстарда да қолдарынан келген көмектерін көрсетіп, бір жұдырықтай жұмылды. Бұл – нағыз бірліктің, берекенің белгісі деп білемін» ––деді өңір басшысы өз сөзінде.
Мерекелік концертте Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов та су тасқыны жағдайында қол ұшын созған, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында белсенділік көрсеткен жандарды марапаттады.
Салтанатты іс-шара жиналғандардың құрметіне орай ұйымдастырылған мерекелік концертпен жалғасын тапты.