«Зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет»
«Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды.
Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде.
Жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет. Сондықтан мен елімізде бұрын жоспарланған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы нақты тапсырма бердім.
Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады».