Ендігі міндет – тасқынның салдарын жою

Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен су тасқынының салдарын жою жөнінде кеңес өтті. Жиынға аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, аудан əкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары, Жезді, Ұлытау, Қоскөл, Шеңбер, Аманкелді ауылдарының əкімдері қатысса, қалған ауыл əкімдері қашықтықтан қатысты.

Алдымен аудан басшысы су тасқыны кезеңінде ел игілігі мен қауіпсіздігін сақтауда жүйелі, сауатты əрі адал еңбек көрсете білген тиісті сала басшылары мен кент, ауыл əкімдеріне алғысын білдіріп, қай уақытта да бірлесіп атқарған істің нəтижесі жоғары екенін атап өтті.
– Көктемгі су тасқыны біздің өңірде ғана емес, еліміздің басым бөліктерінде орын алды. Төтенше жағдайдың алдын алуға бірнеше жиын мен арнайы жаттығулар өтті. Сондай-ақ, аудан тұрғындарына, шаруа қожалықтарына су басу қаупі туралы алдын-ала хабарланып, арнайы ескерту парақшалары да таратылды. Аудан орталығында ақпан айының соңында төтенше жағдай жарияланып, тиісті деңгейде қар сыртқа шығарылды. Жоспарлы түрде жұмыс ұйымдастырудың нəтижесінде су басу қаупі орын алған жағдайлардың басым бөлігін аман алып қалдық. Əсіресе, Сарысу ауылында су басу қаупі жоғары деңгейде болса да ауыл азаматтары мен əкімдіктің бірлесіп жұмыс жүргізу нəтижесінде ауылды су басу жағдайы орын алған жоқ. Осындай қиын жағдайда көмек көрсеткен облыс басшылығы мен «Қазақмыс» корпорациясының басшылығына алғыс білдіремін, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында Талдысай елді мекені мен Жезді кентінде су басқан тұрғын үйлер бойынша облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының тапсырмасына сəйкес шығын көлемін анықтап, тез арада тұрғындарға көмек көрсету, Аманкелді, Шеңбер, Терісаққан ауылдарына қатынайтын көлік жолдарын қысқа уақытта қалпына келтіру жұмыстары нақтыланды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.