Қарағанды облысында босандыру мәселелері бойынша ахуалдық орталық құрылады

Қарағандыда биыл облыстық перинаталдық орталықты жөндеу жоспарлануда. Облыстық клиникалық аурухана базасында әйелдерге арналған консультациялық-диагностикалық орталық ашылады. Босандыру мәселелері бойынша ахуалдық орталық құрылатын болады.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте ана өлімін азайту шаралары туралы айтып берді.

— ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету бойынша өзекті мәселелерге назар аударды. Біз 2021 жылға арналған жоспар әзірледік, оны іске асыру ана өлімінің көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі — кадр тапшылығын, оның ішінде реаниматолог-анестезиологтар, акушер-гинекологтар жою қарастырылған. Екінші — дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру. Үшіншісі — босандыру қызметінің инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, — деп хабарлады баяндамашы.

Резидентураға оқуға 60 жас маман жіберу жоспарлануда.

Ержан Нұрлыбаев облыстық клиникалық ауруханада біліктілік орталығын ашу қажеттігін атап өтті. Оның базасында дәрігерлер мен медбикелер клиникалық тәжірибемен айналысатын  білікті тәлімгерлердің басшылығымен білім ала алады. Орталықты заманауи симуляторлармен жабдықтау көзделуде.

— 2021 жылы облыстық перинаталдық орталықтың ғимараты жөнделеді. Жезқазғанда перзентхана бөлімшесін көпсалалы аурухана ғимаратына көшіру жоспарлануда. Келесі қадам — ағымдағы жылдың наурыз айында облыстық клиникалық аурухана базасында консультативтік-диагностикалық орталықтың ашылуы. Мұнда Фертильдік жастағы әйелдерге кешенді қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, жүкті әйелдердің денсаулығын бақылау және күрделі жағдайларда жедел әрекет ету мақсатында КДО-да босандыру мәселелері бойынша ахуалдық орталық жұмыс істейтін болады, — деп хабарлады басқарма басшысы.