ҰЛЫТАУЛЫҚТАР НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН СӘН-САЛТАНАТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ
«Жыл басы» – халқымыздың салт-дәстүрі мен құндылықтарын тағы бір жаңғыртып, тарихтың жаңа бетін ашуға шабыттандыратын күн. Табиғат-Ананың бусанып, тіршілік тірілетін жаңару айын ұлытаулықтар ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Мереке нышаны саналатын наурызкөже әзірленіп, әсерлі ән мен жыр төгілді.
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков көпшілікті Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Тұрғындар мен қонақтар киіз үйлерге кіріп, ұлттық тағамдар мен наурызкөжеден дәм татты. Жергілікті өнерпаздар даланы думанға бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, алаңда қайырымдылық іс-шара, мерекелік дастарқан ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан бойынша 32 киіз үй тігілді.
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.