Кәсіпкерлермен кездесті

Шағын жəне орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан көмек-қолдау да жеткілікті. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндіктер де берілуде. Өткен аптада Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ өңір кəсіпкерлерімен кездесіп, саладағы түйткілді мəселелер жөнінде ой қозғап, ұсыныстарын тыңдады.

Ұлытау облысында кəсіпкерлердің бастамасын қолдау үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалдары мен «Ұлытау» ƏКК жұмыс істейді. Былтырдың өзінде өңірде Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыруының арқасында 65 ауылшаруашылығы техникасы жаңартылды. Ал əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациясы 49%- ға дейін құрылтайшы болып, кəсіп ашуға қолдау көрсетеді. «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы бойынша бизнес иесінің алғашқы табыс көзіне жеткенше 1 жылға дейін жылдық 2.5%-дық несие қаржысын өтеуде демалыс алуға мүмкіндігі бар. Кəсіп бастауда осы жəне өзге де қолдаулар жайында Ұлытау облысы əкімі Берік Əбдіғалиұлының өңір кəсіпкерлерімен кездесуінде түсіндірме ақпараттар берілді.

Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты дамыту, міндеттер мен проблемаларды шешу мақсатында ұйымдастырылған жиынға Ұлытау облысының прокуроры Жасұлан Еламанов та қатысты.
Кездесуде жиналған кəсіпкерлер сұрақтарын облыс əкіміне, тиісті басқарма басшыларына тікелей жолдады, сондай-ақ осы уақытқа дейін бизнес иелерінен келіп түскен сауалдарға да жауап берілді. Атап айтар болсақ, кəсіпкерлер тарапынан жеке бизнес иелеріне коммуналдық тариф бағасын төмендетуге, биылдан қалмай ветеринариялық зертхана ашуға, қыс мезгілінде мал бордақылауда азық-түліктің аздық етуіне, балабақшалардағы тамақтануға төленетін ақы мен азық-түлік бағасының өсуіне т.б. қатысты сұрақтар жолданды.

Кездесуден кейін Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы мен облыс прокуроры Жасұлан Еламанов кəсіпкерлерді жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.