Ұлттық рухты асқақтатқан шара
Ұлт ұясы – Ұлытауда Елбасы ұсынған бағалы бастамаларды ұлағатты ұстаным негізінде қолдау шаралары үнемі жалғасуда. Әсіресе, патриотизм, ұлттық қасиеттер мен құндылықтарды насихаттау бағытында салмақты жобалар іске асырылуда. Себебі, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, өңіріңе, яғни, Отанға деген сүйіспеншіліктен басталады емес пе?! Осыны мақсат тұтқан ұлытаулықтар түркі жұртының киесі саналатын Көкбөрі ескерткішінің жанына жиналып, «Ұлттық ат спорты – ұлтымыздың рухы» атты шара ұйымдастырды.
Бұл іс-шараны ұйымдастырушы тарап Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен орайластырып өткізді. Осы мақсатта ұйымдастырылған шараны аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев ашты.
– Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өтіп жатқан іс-шара. Жалпы, біз қазақ халқы жауырын керіп, адырнасын тартпаса, аңыратып одан жебе атпаса, тұлпар мініп, ту алып, жер танабын қуырып шаппаса, рухы оянбайтын елміз! Қашаннан біз жылқы мініп, алты жастан ат жалында ойнап өскен елміз. Сондықтан, бұл іс-шара дәстүрімізді қастерлеп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шара деп біліңіздер, – деді.
Өңір басшысының орынбасары Бағдат Байжантаевтың орамды оймен өрілген сөзін бабалар дәстүрімен абыз ақсақал Рақымбек Сырлыбаев бата берумен жалғастырды.
«Ұлы Даланың кіндігі Ұлытаудың мәртебесі әрқашан биік болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуды Алла нәсіп етсін.
Атқа қонған азаматтар ниеттерің қабыл болсын, мұраттарың асыл болсын!» – деді ауыл ақсақалы.
Көңілге рух сыйлаған осы батадан кейін атқа қонған отыз ұлытаулық келісті шараны жарасымды жалғастырды. Әуелі арнау айтып, тәуелсіздігімізді жырға қосқан жігіттер Көк байрағымызды желбірете ұстап, отыз сәйгүлікпен желе жортты. Олардың айтуынша, бұл шара еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан жастар челлендждеріне қатысы жоқ. Тек қана отыз тұлпарды тізгіндеп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен байланыстыру екен. Шараның мақсаты да – ұлттық рухымызды асқақтатып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.
Шындығы да солай, ат құлағында ойнаған азаматтар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, көкпар, аударыспақ ойындарын көрсетті. Осының өзі көпшіліктің делебесін қоздырып, патриоттық сезімін оятты. Аз да болса, ұлттық құндылықтарымыз шынайы дәріптелді. Елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алған бұл шара сайысқа қатысушылардың да патриоттық рухын асқақтата түсті.
Жалпы, шара көздеген мақсатына жетіп, қызықты, әрі тартысты өтті. Тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсіне білуге жетелейді. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі болды. Нақты айтқанда, «Рухани жаңғыру» сияқты жалпыхалықтық сипатқа ие болған бағдарламаның өзіндік ерекшеліктерін көрсете білді.
Мәні терең, мазмұнды келісті шара соңында сайысқа қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болып, Мақтау қағаздарымен марапатталды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ