Үкіметке мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту бойынша 550 ұсыныс енгізілді
Мемлекет басшысының «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Агенттікке мониторинг жəне талдау жүргізу бойынша функция жүктелгені мəлім.
2023 жылдың қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша өткен жылы талдау сауда жəне интеграция, қаржы, халықаралық қатынастар, ауылшаруашылығы, экология жəне табиғи ресурстар сынды 5 салалық бағыт бойынша жүргізілген.
Мониторинг қорытындысы бойынша адам қажеттілігіне жəне сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағдарланған, сондай-ақ бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар əзірленді.
Атап айтқанда, олар:
— мемлекеттің қатысуы тиімсіз, квазимемлекеттік секторды қоса алғанда, 200-ден астам ұйымды тарату жəне қайта ұйымдастыру немесе олардың функцияларын бəсекелестік ортаға беру;
— жергілікті атқарушы органдардың 70-тен астам функцияларын төменгі деңгейге түсіру арқылы оңтайландыру;
— 100-ге жуық қызмет алу кезіндегі төленетін мемлекеттік бажды жəне мемлекеттік органдармен салынатын бірқатар айыппұл түрлерін алып тастау;
— мемлекеттік қызметтердің 50 түрі бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялау мүмкіндігін қарастыру сынды ұсыныстар.
МҚІА басшысы атап өткендей, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың нəтижесінде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша 550- ден астам кейстер дайындалды. Ұсыныстардың 152-сін іске асыру үшін заңнамалық деңгейде шешімдер қабылдауды қажет етеді.
Мəселен, осындай заңнамалық бастамалар облыстық жəне аудандық маңызы бар қалалардағы жер комиссиясы институтын қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде қызмет берушілердің жауаптылығын арттыруға жəне қызмет көрсету процесстері мен мерзімдерінің қысқаруына əсер етеді.
Дархан Жазықбай алдағы уақытта əкімшілік кедергілерді жəне бюрократиялық əуре-сарсаңның жойылуын қамтамасыз ететін арнайы заң жобасын əзірлеу қажеттілігін атап өтті. Оның айтуынша биыл сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жəне оны бюрократиядан арылту мəселелері бойынша заң жобасын əзірлеу жоспарланып отыр.
2024 жылы көлік, өнеркəсіп жəне құрылыс салаларында бюрократиядан арылту бойынша талдау жұмыстары жүргізілетіндігі атап өтілді.
ҚР МҚІА Баспасөз қызметі.