«SARYARQANEWS.KZ» ақпарат агенттігі өз қызметін бастады
Қарағандыда тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде жаңалық тарататын Saryarqanews.kz ақпарат агенттігінің ресми таныстырылымы өтті. Маңызы зор шараға танымал қаламгерлер мен журналистер шақырылып, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН арнайы келіп қатысты.
Saryarqanews.kz ақпарат агенттігінің мақсаты – жалпы қауымға саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-спорттық, тарихи-танымдық және басқа да салалардағы тың жаңалықтарды жедел әрі сапалы жеткізу. Ол оқырманға аймақ аумағындағы жаңалықтармен қатар, республика мен әлемдегі маңызды ақпараттарды да ұсынатын болады.
Порталда Қарағанды облысының 9 ауданы мен 9 қаласына арналған айдарлар ашылғанын айта кеткен жөн. Демек, бұл ерекшелік алдағы уақытта:
— интернет ресурсы жоқ аудан-қалалардың жаңалықтарын кеңінен көрсетуге;
— облыстың барлық өңірінің ақпаратын бір алаңнан табуға;
— маңызды жаңалықтардың республикалық БАҚ назарына ілігуіне мүмкіндік береді.
Ақпарат агенттігі мультимедиялық контентке баса назар аударады. «Saryarqa Aqparat» медиа-холдингіне қарасты «LIFE09» интернет жобасы дайындаған тың дүниелерді (жаңалықтар, деректі фильмдер, қысқаметражды фильмдер, әлеуметтік бейнероликтерді) жариялап отырады. Сонымен қатар, порталдағы фотогалерея, инфографика бөлімдерінде тарихи, әлеуметтік және мәдени сипаттағы фоторепортаждарды көру мүмкіндігі де бар.
— Қазір ақпарат таратудың мүмкіндігі зор саласы – жаңа медиаға сұраныс артуда. Оны толық қамтамасыз ету үшін «Saryarqanews.kz» сияқты ақпарат агенттіктері ауадай қажет. Заман ағымына қарай, оқырман талабы да артып келеді. Мәтіндік ақпараттан бөлек, мультимедиалық (аудио, бейнематериалдар) контентке деген сұраныс аса жоғары. Сол себепті, «Saryarqanews.kz» ақпарат агенттігін әмбебап ақпарат алаңына айналдыруды жоспарлап отырмыз, – дейді «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет.
SARYARQANEWS.KZ порталы «Жаңалықтар» , «Басты жаңалық», «Маңызды», «Қоғам», «Саясат», «Әлем», «Мәдениет», «Экономика», «Спорт», «Анығын айтсақ», «Аймақтар», «Фотогалерея» сияқты бөлімдерден тұрады. Әр бөлімнің атауы мен бағытына сай келетін ақпараттар оларға күн сайын тұрақты түрде салынып отырады.
Бұлардан тысқары, әлемді шарпыған індетке байланысты «Сovid-19» айдары ашылған. Аталған бөлімде жалпы эпидемиологиялық ахуалға байланысты ақпарат жедел әрі сапалы негізде беріліп тұратын болады.
Өз тілшімізден.