МӘМС: ана атану бақытын сыйлады
Жоғары технологиялық медициналық қызметке жататын экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасы бойынша былтыр Ұлытау облысына 111 квота бөлінді деп сүйіншілегеніміз естеріңізде шығар. Жылдар бойы сәбилі болуды аңсаған қанша отбасының арманы ақиқатқа айналды деген сұрақты медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалына жолдаған едік.
Филиалдың мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы МӘМС аясында 25 жұп ата-ана атанған. Қазіргі таңда тағы 36 келіншек жүктіліктің әр түрлі аптасында. 30 әйелдің жүктілігі сәтсіз аяқталған. 20 квота кезекте тұрған азаматшалардың бас тарутымен өзге облысқа берілді.
Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған 18-ден 42 жасқа дейінгі пациенттерге арналған.
МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда әйел қайтадан кезекке тұра алады.
Процедура МӘМС аясында тегін жасалатын болғандықтан, квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс. Тегін жолдама алу үшін алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың кеңесіне баруы керек. Оған жолдаманы өз емханасындағы гинеколог береді.
ЭКҰ қызметін МӘМС шеңберінде еліміздің 9 өңірінен 19 медициналық ұйым көрсетеді. Пациент экстракорпоралдық ұрықтандыру үшін клиниканы өзі таңдайды. Ол үшін fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», ары қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.
Өз тілшімізден.