АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ТА, АТҚАРЫЛАР ІС ТЕ – АУҚЫМДЫ

Облыс әкімінің халықпен кездесуі Ұлытау ауданында жалғасты. Тұрғындармен жүздесуде 2023 жылы атқарылған жұмыстар, келер жылдың жоспарлары баян етілді.

Денсаулық сақтау саласында: биыл өңірге 6 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, Жезді кентіндегі жергілікті аурухана күрделі жөндеуден өтті, Ұлытау ауданындағы қазіргі аурухананың бірқатар жабдығы жаңартылды. Сондай-ақ көпшіліктің ұзақ уақыттан бергі тілегі бойынша Ұлытау селосында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында жаңа аурухананың құрылысы басталды.

Спорт саласында: құрылысы ұзақ уақытқа созылған Жезді кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенін салу жұмыстары қайта жанданды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласында: Ұлытау селосында су желілерін жаңғырту жұмыстары, Ұлытау ауылындағы 20 коммуналдық тұрғын үйге инженерлік желілердің құрылысы жүргізілді.

Жол саласында: «Ауыл — Ел бесігі» жобасының аясында кентішілік 21.5 шақырым жолдың орташа жөндеуі, «Ұлытау-Бозтұмсық» автомобиль жолындағы Қаракеңгір өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Жиында аудан тұрғындары тарапынан Кененбай тоғанының суы тасып кету мәселесінің шешілгеніне алғыс білдірді. Бұл тұрғыда облыс әкімі аталған тоғанға апаратын жол түсіру үшін құжаттар әзірлеуді тапсырды.

Одан бөлек ұлытаулықтар интернет желісінің сапасын жақсартуға, жол мәселесін шешуге, жаңа тұрғын үйлердегі жылу мәселесіне қатысты сұрақтар қойды.

Берік Әбдіғалиұлы кездесуден кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына бас-аяғы үш адам жазылды.