30 МЫҢ ҰЛЫТАУЛЫҚ МӘМС ЖҮЙЕСІНЕН ТЫС ҚАЛДЫ

Ұлытау облысында МӘМС жүйесінен тыс қалған тұрғындардың саны 30 мыңға жетті. Бір айдың ішінде сақтандырылмаған азаматтардың қатары 2 284 адамға артты деп дабыл қаққан медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы мұның себебін де ашып айтты.

Директор орынбасары Абылайхан Рахымов сұхбатында мәртебесі жоқ тұрғындардың күрт өсуін білім және тәрбие саласындағы қызметкерлердің жыл сайынғы еңбек демалысына шығуымен байланыстырды. Сонымен бірге, өңірде кен орындарында еңбек ететін шахтерлар тағы бар. Өздеріңізге белгілі олар 48-56 күнге дейін еңбек демалысына шығады.
– Бүгінгі таңда Ұлытау облысында медициналық мекемелерде тіркелген 221 674 тұрғын бар болса, оның 30 284-і – сақтандырылмаған. Мәртебесі жоқтардың санатында 8654 жұмыскер бар. Соңғы үш айдың ішінде жұмыс беруші МӘМС аударымы мен жарнасын уақытылы аудармағыны салдарынан сақтандырылмаған жұмыскерлер 2920 адамға артқан. Мен жұмыс берушілерді осы мәселеге жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Ал қызметкерлер жұмыс берушілерден қорға ай сайынғы аударымдарды төлеу туралы мәліметтерді талап етуге құқылы екенін еске салғым келеді, – деген Абылайхан Рахымов шағым айтушылар да көбейгенін жасырмады. Филиалға қазан айынан бері мұғалім, тәрбиеші мен кеншілерден 47 өтініш түскен.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне ғана ие болғандардың саны күн санап көбейгеніне алаңдаушылық танытқан Филиал түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қала және аудан әкімдеріне хат жолдаған.
Азаматтардың денсаулығы – қоғам байлығы. Баға жетпес құндылықты сақтау мен нығайту мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың ортақ жауапкершілігінде. Ендеше, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құлағына алтын сырға…

Өз тілшімізден.