«ЖАС ОТБАСЫ» — Тәлім-тәрбие мектебі

Іргелі отбасы ел тірегі, ұлт қорғаны екені бесенеден мәлім дүние. Отбасы ұлттық тәлім-тәрбие, даналық пен өнеге ошағы. Ұлттык тәрбие тұнығынан сусындаған ұрпақ қана ұлт қамын жеп, ел-жұртының ертеңін ойлайды. Бақ-береке ұялап, ырыс-ынтымағы жарасым тапқан отбасынан өр рухты, асқақ арманды, биік мұратты ұрпақ түлеп ұшады.

Қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеу жолында мектептен берген тәрбиеміз баланың дұрыс бағыт алып шығуына аздық етеді. Сондықтан отбасы тәрбиесімен мектептен апатын өнеге екеуі ұштасып жатуы орынды. Қоғамда болып жаткан зорлық-зомбылық, бала еңбегін пайдалану сияқты өзекті мәселелердің алдын алуда осындай бірлесе атқарған жұмыстардың арқасында өз шешімін тауып жатады. Осы мақсатта Байқоңыр ауылындағы №17 орта мектебінде даму бағдарламасының жоспарына сәйкес «Жас отбасы» мектебі өз жұмысын бастады.

«Жас отбасы» мектебінің Құрамына балалары енді мектеп табалдырығын аттаған ата-аналар кіреді. Аталмыш мектептің жұмысы жас ата-аналарды мектептің тыныс-тіршілігімен таныстыру, оқу жылындағы өзгерістер және қазіргі бағалау жүйесі жайлы ақпараттандыру жұмыстарынан бастау алды.

Жуырда жоспарға сәйкес мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Насыритдинқызы мен мектеп психологы Ақерке Маратханқызының ұйымдастыруымен «Мектеп – тәрбие жұмысының орталығы» деген тақырыпта тренинг өткізді. Тренинг барысында ата-аналардан кызықты сауалнамалар алынды және белсенді оқыту әдістері мен критериалды бағалау жайы түсіндірілді. Жас ата-аналарға өз балаларының мектеп өміріндегі сәттерінен күнтізбелер жасалынып, естелік ретінде таратылды. Шара нәтижесінде ата-аналар өздерін толғандырып жүрген біраз сұрақтарға жауап алды.

«Жас отбасы» мектебінің жұмысы алдағы уакытта да жалғасын таппақ.

Ізбасар ОЙБАС.

БАЙҚОҢЫР ауылы