Серпіліске бастаған сенбілік
Қоршаған ортаны қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Бүгін дәл осындай мақсатпен Ұлытау ауданында тазалық, көркейту-көгалдандыру іс-шарасы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Серпіліске бастаған сенбілікке аудан орталығындағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен еріктілер, қала тұрғындары белсене қатысып, туған ауданының көркейіп көгалдануы үшін бар үлесін қосуға тырысты.
Әр ұжым өздеріне жүктелген аумақты күл-қоқыстан тазартты. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың аумағы, автомобиль жолдарының жағалауы тазаланып, көрікті орта қалыптастыруға үлес қосты.
Аудандағы мемлекеттік мекемелер, аудандық мәслихат, кәсіпорындар мен өнер, мәдениет ұжымдарының өкілдері өздеріне тиесілі аумақтағы күл-қоқысты тазалап, орталық көшелерді қоқыстан тазартып, шашылып жатқан қатты қалдықтарды теріп, қураған шөптерді жинап, техникаларға тиеп, белгіленген орынға төгуге жөнелтіп жатты.
Осылайша сенбілікке қатысушылар тазалық жұмыстарын өз деңгейінде өткізуге белсенділік танытып, аудан тазалығына өз үлестерін қосты. Игілікті шара кезінде ағаштар әктеліп, әлеуметтік нысан аумақтары да абаттандырылды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мұнша күштің көше тазалығына жұмылуы – ауданымыздың шырайын кіргізері анық. Көппен біткен іс қана көрік береді. Туған ауылымыз көркейіп, гүлденіп, таза болғаны өзімізге және келешек ұрпақ үшін үлгі екенін естен шығармайық.