СЕНІМГЕ ИЕ БОЛҒАН «ЖҮРЕК» отбасылық дәрігерлік амбулаториясы даму үстінде
1996 жылы өз іргетасын қалаған «Жүрек» отбасылық дәрігерлік амбулаториясының директоры Валентина Князева жас мамандарды қолдаудың жаңа тетіктерін енгізген. Атап айтқанда, дәрігерлерге 1 млн 200 мың теңге көлемінде көтермеақы және барлық жағдайы жасалған пәтерді жалдап беруде. Нәтижесінде жеке меншік клиникада қазір маман тапшылығы сезілмейді. Тиісінше пациенттердің көрсетілетін медициналық қызметтерге көңілі тоқ, шағымы да жоқ.
–«Жүрек» ЖШС медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі болып табылады. Біздің ұжымда барлығы 72 қызметкер еңбек етеді. Оның 42-сі медициналық мамандар. Бізге тіркелген 10 мыңға жуық жезқазғандыққа жалпы тәжірибедегі дәрігер, кардиолог, рентгенолог, невропотолог, эндокринолог, онколог-мамолог, ревматолог, гастроэнтеролог, хирург, офтальмолог, уролог, УДЗ дәрігері сынды бейінді мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен бірге отбасылық дәрігерлік амбулатория жанында тәулік бойы жұмыс жасайтын 23 кереуеттік кардиология бөлімі ашылған. Заман ағымына сай біз де жаңарып, жабдықталып отырамыз.
Соңғы жылдары халық игілігі үшін тәулік бойы жүрек жұмысын бақылайтын смарт-холтер, түрлі созылмалы өкпе ауруларын диагностикалайтын спирография сатып алдық, – деді медициналық мекеменің басшысы кабинеттерді аралата жүріп.
Ақ халаттылардың күнделікті күйбең-тірлікке, үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға, өздеріне жүктеген ауыртпалықтарға қарамастан, жымиып жүрген жүрістеріне, сабырлы да салмақты ұстанымдарына қайран қалдық.
«Гиппократ» антын жандарына серік еткендердің жүректері таза, пейілдері ашық, көңілдері кіршіксіз болғаны да қуантпай қоймады.
Мыңдаған адамның өміріне араша түсіп, қала тұрғындары арасында жақсы сөз бен үлкен алғысқа бөленіп отырған денсаулық сақтау мекемесінде «Дені сау бала», «Салауатты өмір салты», «Бронхиалды демікпе», «Қант диабеті», «Артериялық қан қысымы», «Жас аналар», «Жүректің созылмалы аурулады», «Жүктілер» сынды 12 мектеп тұрғындарға кеңес беріп, науқастардың созылмалы аурулармен күресуіне барынша көмектеседі.
«Жүрек» отбасылық дәрігерлік амбулаторияның басты міндеті — тұрғындарға алғашқы, сапалы медициналық көмек көрсетумен қатар, жүрек ауруларын емдеу мен алдын алу. Сондай-ақ, әлжуаз топтағы отбасылардың, жалғыз басты қария мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың амандығын сұрай барып, оларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетеді. Қазірдің өзінде емдеу мекемесінің қызметкерлері жетпіс жастан асқан 600 қария мен 37 тұрмысы төмен отбасы және 7 қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастармен тығыз қарым-қатынаста. Отбасылық амбулатория жанынан ашылған әлеуметтік-психологиялық қызметтің ұжымы аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына арнап тоқу, би, ән, сурет үйірмелерін ашқан болатын.
Бүгінде үйірмелерге он сегіз жеткіншек қатысады.
Әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың тынымсыз еңбегі мен мейірімділігінің арқасында сан адам жұмыссыздық, араққұмарлық сынды жағымсыз әдеттермен қоштасқан.
Емдеу мекемесіндегі қаралушыларға деген қолайлы жағдай, ғимараттағы тазалық пен тәртіп, дәрігерлердің біліктілігі, медициналық қызметкерлерінің мейірімді қарым-қатынасы арқасында көптің алғысына бөленген «Жүрек» ұжымының ұлт денсаулығын нығайтуға қосары қомақты. Ендеше, жауапкершілігі мол игі істе оларға сәттілік тілейміз!
Диана ОРАЗАЛИНА.