Сұңқар аулауға – жол жоқ

Жақында «ОхотЗооПром» орталық өңірлік филиалының инспекторлары Дмитрий МОТОРЫГИН, Алтынбек АСАНОВ, Ардақ ЖҮНІСОВ, Қайрат ƏБІЛМАНСҰРОВ, Алмас ƏУКЕНОВ – Ұлытау ауданына келіп, сұңқар тектес құстарды қорғау мақсатында іс-шаралар өткізді.

Инспекторлар ағымдағы жылдың 1 тамызынан – 15 қазанға дейінгі аралықта кең ауқымды «Сұңқар» акциясының өткізіліп жатқанын хабарлады. Əңгіме аясында сұңқар құсын жəне сол тектес құстарды аулауға жол берілмейтіндігін оған заң аясында қатаң тыйым салынатындығын мəлімдеді. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерін де аталған акция шеңберінде бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар, күрежол бойында автокөлік жүргізушілерімен де кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өйткені, елімізде сұңқар тұқымдас құстардың азайып бара жатқаны белгілі. Сондықтан бұл акция сұңқар құсын аулаушыларға тосқауыл қою негізінде, ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ал, сұңқар туралы айтатын болсақ, бұл құс айбындылығымен, алғырлығымен, əдемілігімен ерекшеленетін құс. Қашаннан сұңқар табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін де пайдалы. Бір ғана мысал, ол өсімдіктерге зияның тигізетін тышқандар мен кеміргіштердің қатарын азайтады. Сондай-ақ, қарға мен сауысқан секілді құстардың ұяларын бұзып жұмыртқаларын жейді. Олардың көбейіп кетуіне жол бермейді. Ең бастысы, сұңқар – қырағы құс. Ол бір секундта 4-5 рет қанатын қаға алады. Оның шапшаңдығы, жылдамдығы өте күшті. Сұңқардың ірілерінің салмағы 2 келіге дейін жетеді. Əсіресе, оның көру қабілеті ерекше. Ол өз олжасын бір шақырым жерден көре алады.

Бүгінгі шара Ұлытау облысының жəне көршілес облыстардың аймағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзуды болдырмау мақсатында өткізіліп отырған акция.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.