Бас жүлде – ұлытаулық Ерденде
Күні кеше Ұлытауға сүйіншілеген хабар жетті. Түркияның Каппадокия қаласында өткен халықаралық өнер байқауында №1 Ұлытау тірек мектебінің 9 сынып оқушысы Ерден ШƏКАРМАН «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Гран-Приді қанжығалап, ел мерейін асқақтатты.
Аталған марапат жас талантқа берілген лайықты сыйлық. Ол бес жасынан əншілік өнерді жанына серік еткен өнерпаз. Бұған дейін 2020 жылы Алматы қаласында өткен «Мен де жұлдыз боламын»атты дəстүрлі байқауда Абай Құнанбаевтың «Есіңде бар ма жас күнің» əнін орындап, жеңімпаз атанған. Өткен жылы Түркияда өткізілген халықаралық конкурста жəне Грузияның Батуми қаласында өткен «GOLDEN WAVE-2022» халықаралық фестивалінде бірінші орын алған.
Ал, кешегі өнер додасы Түркияның Каппадокия қаласында өтті. Оған Қазақстаннан бөлек, Канада, Болгария, Үндістан, Иран, Грузия, Молдова, Түркиядан үмітін үкілеген жүздеген өнерпаз қатысты. Осынау халықаралық байқауда кіл мықтылардың арасынан Ерденнің жұлдызы жанып, Гран-При сыйлығына иеленді. Конкурста ол «Қай заман?» əні мен ағылшын тілінде «Believe» əнін нақышына келтіре орындады. Оның халықаралық байқауға осымен үшінші рет қатысуы. «Қанат ұшса қатаяды»дегендей, ол өзінің дайындық деңгейін жылдан-жылға жоғарылатып көрсетуде. Қазылар алқасын да, тыңдаушыларын да тəнті етіп, жеңіс тұғырынан көрінуі, үздіксіз дайындығының нəтижесі. Біз де бүгін өнер додасында Қазақстанның намысын қорғап, Ұлытау облысының атын шығарып жүрген жас өнерпазға алар асуың көп болсын демекпіз. Бəсекеде есе жібермей, жеңіске жеткен биігің құтты болсын, Ерден!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.