ҰЛЫТАУ. ӘКІМ ГРАНТЫ: Қолданыста – жылдам тамақтану орталығы

Ұлытау ауданының орталығында «DosHomesUlytau» атты жылдам тамақтанатын орын ашылды. Тың бастаманы аудан әкімінің 1 млн. теңге сомасындағы грантына ие болған жас кәсіпкер Әмірхан ЕСЕНҚАБЫЛОВ сәтімен іске асырды. Жаңа нысанның тұсаукесеріне аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ қатысып, ілкімді істің ілгері басуына тілек қосты.

Бұдан кейін аудан басшысы мен кәсіпкердің әжесі Бейбіткүл Шаяхметова ашылу рәсімін жасап, нысанның лентасын қиды. Жылдам тамақтану орнында тұтынушыларға суши, пицца, тауық қанаттары, фри және тағы да басқа көптеген тағам өнімдерінің түрлері ұсынылады.

Сондай-ақ, бұл жерде заман талабына, тұрғындар сұранысына сай, Playstation 4, үстел теннисін ойнау, дайын мәтіндерді қағазға басып шығару сияқты қосалқы қызметтер де көрсетілмекші.

Жас кәсіпкер келешекте кәсібінің ауқымын одан әрі кеңейте түсуді жоспарлап отыр.Ол келешекте өзі ұсынатын тағамдардың Ұлт бесігіне алыс-жақыннан көптеп келуі тиіс туристердің қажетін өтеуге лайықты боларына сенімді.

Жаңа кәсіпкерлік нысанында 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өз тілшімізден.