Жыл тоғысындағы тарихи құжат
Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы халық көңілінен шықты. Жыл тоғысында жарияланған бұл еңбек – ел Тәуелсіздігі жариялағаннан бергі 30 жылға жуық уақыт ішіндегі, Қазақ елінің даму жолына жасалған сараптама іспеттес дүние екені даусыз. Президент өз мақаласында Тәуелсіздіктің 30 жылын шартты түрде үш онжылдыққа бөліп қарастырған екен.
Азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атаған Қасым-Жомарт Кемелұлы, осы онжылдықта жүзеге асырылған дербес мемлекет болудың алғышарттарын атап өткен. Ел Президенті егемендіктің екінші онжылдығында Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылғанын айта келе, ел Тәуелсіздігінің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетінің артқанын баяндайды. Ал «үшінші он жылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуды межеледік» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында.
Отыз жылға жуық егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып айдай әлемге танылған Қазақстанның алдағы мақсаты айқын. Ел Президентінің айтуынша, Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу! Ол үшін елдің бірлігі мен сананың жаңғыруы қажет екен. Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде талай асулардан асқан, қаншама жетістіктерге қол жеткізген Қазақ елі бұл мақсатқа да жететініне сенім мол. «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» дейді Мемлекет басшысы мақаласында. Ол үшін қазақстандық рухымыз мықты, патриоттық сезіміміз шынайы болуы шарт. Қазіргі жастарымыз осыны жан-тәнімен түсінуі керек!
Жамсап ӘШЕНОВ,
Сарысу ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.