Күн тәртібінде – маңызды мәселелер

Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс IV сессиясында бірқатар маңызды мәселелер күн тәртібіне қойылды.

Мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов тізгінін ұстаған депутаттардың басты жиынына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алмаз Қайырбек, Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Салтанат Нұғманова, мемлекеттік мекемелер басшылары, ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Сессияда мандат иелерінің талқысына «2022 жылға арналған Ұлытау ауданының және кенттер мен ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы туралы» мәселе ұсынылып, оған қатысты аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин мен Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Салтанат Нұғманова хабарлама жасады.
Бұдан тысқары, аудан әкімдігі жанындағы комиссиялар мен үйлестіру кеңестері құрылып, жекелеген құрылымдар құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар, «Ұлытау ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» мәселе қарастырылды.

Мәслихат сессиясының күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер депутаттар тарапынан егжей-тегжейлі зерделеніп, тиісті шешімдер шығарылды.