ЖҰМЫС САПАСЫН ТЕКСЕРІП, АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Ұлытау облысының әкімі Борсеңгір ауылына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы алдымен өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қадағалады.
Берік Әбдіғалиұлы Борсеңгір ауылындағы автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарын қарады.
Биыл «Теректі-Борсеңгір» автокөлік жолының жалпы алғанда 18 шақырымы орташа жөндеуден өтуде. Оның 12 шақырым бөлігіне 172 млн. 958,0 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күнге мердігер тарапынан жолдың бетін қыру-тегістеу, жабынды төсеу алдындағы жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Теректі-Борсеңгір» автокөлік жолының қалған 6 шақырымын ағымдағы жөндеуге 72 млн. 688,0 мың теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жұмыстың 90% аяқталды.
Борсеңгір ауылында биыл ауылішілік жолдар да жөнделмек. Атап айтар болсақ, Қазыбек би, Наурыз, Бейбітшілік көшелерінің жөндеу жұмыстарына 60 млн. теңге қаражат бөлінген.
Сонымен қатар өңірдегі білім беру ошағында да жөндеу жүргізілмек. Атап айтсақ, №10 Борсеңгір орта мектебі ғимаратының 1 қабатына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 21 млн.теңге бөлінген. Мердігер ұйым аталған жұмысты тамыз айында аяқтамақ. Сонымен қатар, аталған білім ошағының робототехника кабинетіне 6 млн. 700 мың теңгеге жабдық орнатылады деп жоспарлануда. Мектептің кітапханасына 1 млн. 200,0 мың теңгеге жиһаздар сатып алынды.
Аралау жұмыстарынан кейін Берік Әбдіғалиұлы Борсеңгір ауылының тұрғындарымен кездесті. Борсеңгірліктер облыс әкіміне балаларға арналған ойын алпңдарын орнату, ауыз су, жұмыссыздық, жол, жарық мәселелері жайында өз сауалдарын жолдады. Кездесуде жолаушылар көлігінің болмауы басты мәселеге айналғаны да айтылды. Жиыннан кейін өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, борсеңгірліктердің мәселелері бойынша жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді.