Астана жан-жақты әрі қарқынды дамуда – Мемлекет басшысы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумы өтіп жатыр.

«Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек.

Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе.

Астана жаңару мен жаңғыруға жол ашты. Бүгінде Астана жан-жақты әрі қарқынды дамуда. Елордамыздың халықаралық беделі артуда», — деді Мемлекет басшысы.