Құрметті аудан тұрғындары!
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні құтты болсын!
Бұл күн – ел тарихындағы маңызды мемлекеттік мереке. Оның басты себебі, Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымастығының негізі.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ұлытаудағы Әулиетау шыңының баурайында Мемлекеттік рәміздер алаңы салынады. Ол елдіктің, ұлтты одан әрі ұйыстыра түсудің даусыз дәнекері болары анық.
Елдігіміз бен егемендігімізді айқын бейнелейтін Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын көтеріп, ұлттық нышандарын айғақтайтын айрықша әрі қастерлі белгілер. Сондықтан, біздің әрқайсымыз Отанды қалай құрметтеп, елімізді қалай сүйе алсақ, мемлекеттің нышандарын да сол дәрежеде қастер тұтып, оларға айрықша құрметпен қарауға тиіспіз.
Рәміздерге құрмет – қоғам мүшелерінің өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына сенімдері мен сүйіспеншілік сезімдерінің өлшемі. Ту, Елтаңба және Гимн – өз мемлекеттілігін ғасырлар бойы аңсаған азат ұлттың орындалған арманының айғағы. Түптеп келгенде, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба мен Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады. Сондықтан да, әр азаматтың жүрегіне елжандылықты дарытуда мемлекеттік рәміздердің маңызы – зор, орны – айрықша.
Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, өз алдына тәуелсіз мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, елдің тарихы мен құндылығын әлемге танытар Елтаңбамызбен және елдің рухын көтеретін Мемлекеттік гимнімізбен айбынды елге айналдық. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, Туымыздың мәртебесі биік болсын!
Рәміздер күні құтты да, берекелі болып, ел бірлігі жасай берсін!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.