Сыңғырла, соңғы қоңырау!
1 маусым күні – Ұлытау ауданының барлық мектептерінде күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, жұртшылық түлектерге сəт сапар тіледі. Биыл өңірде 11 сыныпты 79 оқушы аяқтады. Олардың 25-і №1 Ұлытау тірек мектебінің түлектері. Аталған білім ошағында өткен «Сəт сапар, саған жас түлек!» атты соңғы қоңырау салтанатына аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ пен аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ қатысты.
Салтанатты жиынның ашылу рəсімінде Мемлекеттік Əнұран орындалып, еліміздің көк Туы көкке өрледі. Жиында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі.
– Бүгінгі соғылған соңғы қоңырау сіздердің өмірлеріңіздегі кезеңнің бастауы болмақ. Осы жылдар ішінде мұғалімдеріңіз сіздердің қалыптасуларыңызға, ой-өрістеріңіздің дамуына үлкен үлес қосты. Осының барлығы сіздерге өз жолыңызды, өз орныңызды табуға көмектеседі. Сіздерге ата-ана ретінде, əрі əкім ретінде амандық, сəттілік жəне бақыт тілеймін, – деді аудан əкімі.
Өңір басшысының тəлімді сөзін, тағылымды тілегін түлектерге алғаш əріп танытқан ұстаздары Əлия Кенжебаева мен Жанар Төлегенова ұтымды жалғастырды. Құттықтаулар легі ата-аналар атынан сөз алған Зүбайра Ершұманова мен аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымовтың жүрекжарды лебіздерімен түйінделді.
Өз кезегінде түлектер ұстаздарына алғыс білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды. Ал, сынып жетекшілері Маржан Аханова мен Раушан Байсалбекова шəкірттеріне сəт сапар тілеп, қимай қоштасатындарын тілге тиек етті.
Салтанатты шарада таңдайлары тақылдап, тақпақ оқыған «біріншісыныптықтарға» түлектер сыйлықтарын тапсырды. Білімнің «Алтын кілтін» жас түлек Нұржан Бимырза 10 сыныптың озат оқушысы Қайрат Əлиакпарға табыстады.
Күміс қоңырауды 1 сынып оқушылары Айша Елубай мен Бекжан Жанкелді соғып, олардың қолдарынан мектеп бітіруші түлектер Ақбота Омар мен Ерсұлтан Мирас алып, шаттықтың құшағында ұрпақтар сабақтастығының əдемі көрінісін жұрттың көз алдынан өткізді. Салтанатты жиын түлектердің тақырыптық мазмұндағы концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ