Халықтық реформа халық игілігіне қызмет етеді
Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстан саяси жаңғыру жолына аяқ басты. 2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы Қазақ елінің жаңаруын айшықтап, қайта өрлеудің басты бір нышанына айналды.
Елде референдум өтіп, қабылдаған реформаларды іске асыру жұмысы бірден қолға алынды. Президент сайлауын өткіздік, Ұлттық құрылтай құрылды. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар ел ішінде ғана емес, шет елдерде де талқыланып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
«Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болды. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек», деді Президент.
Осылайша, Президент бастамалары іс жүзінде нәтиже беріп, әр тұрғын армандаған Әділетті Қазақстан құру жолындағы қадамға серпін беретін болады. Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалдаманың негізінде ел тұрғындарының 71,7 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді. Ақпан айындағы өңірлік мониторинг бойынша ауыл тұрғындары арасында – 75,1, жастар арасында 78,4 пайыз нәтиже саяси жаңаруға оң баға берген.
Мемлекет мықты, мемлекеттілік мәңгілік болуы үшін оның ауырлығы да бір тұсқа шоғырланбай, теңгерімді түрде тең бөлінуі шарт. Қ.Тоқаевтың Қазақстанды суперпрезиденттік басқару форма-сынан Парламенті мықты президенттік елге айналдыруға бекінуі, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыруы саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түсті.
2023 жылдың 19 наурызындағы мәжіліс және мәслихаттар сайлауы реформалар үшін маңызды әрі шешуші кезең болды. Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауынан кейін жаңа депутаттық корпус қалыптасты. Соның нәтижесінде елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси жаңғыру үдерісі белгілі бір межесіне жеткендей. Яғни қоғам дамуының жаңа кезеңі басталды деп есептеймін, алдағы уақытта да Президенттің реформалары тек халық игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін.
Қоғамдық кеңес төрағасы Нығатайұлы Амантай.