Спорт жанашыры Бекзат СЫЗДЫҚОВ: «Футбол бірлігімізді бекемдей түседі»
Ұлт ұясы – Ұлытауда Supernovas халықаралық жобасы аясында футболдан балалар секциясы ашылды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ алдында таныстырылып, 2022 жылдың қазан айында мақұлданған болатын. Бүгінгі күні аталған жоба бойынша Қазақстан аумағында төрт секция ашылып отыр. Соның бірі – Ұлытау ауданында. Бұл туралы əңгімені сұхбаттасу барысында жаңа жоба негізінде теңбіл доп секциясын ашқан ұлытаулық азамат Бекзат СЫЗДЫҚОВ айтқан еді.
– Бекзат Жездібекұлы, менің бір байқағаным, Сіз футбол десе ішкен асын жерге қоятын азамат екенсіз. Ол бүгінгі «Supernovas Қазақстан» жобасы аясында футбол секциясын ашқаннан көрініп тұр. Бұл секцияны ашуға кеңес берушілер болды ма? Əлде осы жобаны ғаламтордан іздеп таптыңыз ба?
– Иə, мен бала жасымнан футбол ойынына құмар болып өстім. Сол қызығушылығым əлі басылар емес. Ал, əңгімені басынан бастасам, 2022 жылдың шілде айында Астана қаласындағы «Д» UEFA Crassroots Leaders Certiticate Ұлттық категориясы бойынша бапкерлік курстан өттім. Бұл категорияға бұқаралық футбол, балалар футболы кіреді. Бапкерлік категорияны алған соң, футболдан балалар фестивалін өткізуді қолға алдым. Сөйтіп, 2022 жылдың 21 тамызында Жезқазған, Жезді, Ұлытаудан 70-ке жуық бала қатысқан футбол фестивалін өткіздім. Сол фестивальге Жезқазған аймағына танымал, атақты футболшы, футбол менеджері Ғалым Ибраев арнайы келіп қатысты. Фестиваль аяқталған соң, Ғалекеңмен аз-кем əңгімелестім. Əңгіме барысы қазіргі футбол жайында болды. Сонда ол кісі: «Егер футболды дамытқың келсе, секция ашатын ойың болса, «Искра» деген халықаралық жоба бар, соған өтінім беріп көр» деді. Ғалекеңнің осы ақыл-кеңесі ойыма түрткі болды. Осыдан кейін «Искра» сайтына кіріп, өтінім бердім. Сөйтіп, «ақыл – алтау, ой – жетеу» болып жүрген шағымда. Бір күні жоба менеджері өзі хабарласты. Сірə, менің жобам оларды қызықтырса керек. Іле-шала менімен онлайн форматында кездесу өткізді. Кездесуден кейін менің жобам мақұлданып, I Coachkids атты курсқа қабылдандым. Курсты толық тəмамдаған соң, бапкерлік сертификатымды алдым. Содан кейін алты айға олармен келісімшартқа отырдым. Бұл келісімшарт аясында ай сайын маған жалақы төлеп тұруды шешті. Мұнымен қоса бапкердің спорттық киімін, балалардың футбол формасын, спорттық сумкасын, іс-шара шығындарын түгелдей компания өз мойнына алатын болды. Осындай көмектің арқасында 2022 жылдың 15 қарашасында аудан орталығынан «Искра» халықаралық жобасы негізінде балаларға арналған футбол секциясын аштым. Қазір бұл жобаның атауы «Supernovas» болып өзгерді. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап, осы атаумен аталады. Атау өзгергеннен кейін қайтадан компаниямен бір жылға келісімшартқа отырдым. Келісімшарт аясында оларға аудан орталығында «Ангар» атты жабық футбол алаңы барын, ол жерде жылудың жоқтығын айтып жеткіздім. Бұл өтінішім аяқсыз қалмай, жоба жетекшісі менің сұранысым бойынша төрт жылу қондырғысын сыйға тартты. Оның екі данасы №1 Ұлытау тірек мектебіне тапсырылды. Енді екі данасын таяу күндері жеткізіп беруге уəде етті. Осы жылу жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Қабденұлымен кездесіп, келіскен болатынбыз. Білім бөлімінің басшысы қондырғыларды үстіміздегі жылдың қазан айына дейін қосып береміз деген болатын. Бір айта кетерлігі, бұл секцияға қабылданған балалар ақы төлемейді. Тегін жаттығады.
– Жалпы, футбол секциясына неше бала қатысады? Олардың ата-аналарымен келісімшарт жасалған ба? Осыны нақтылай түссеңіз…
– Ата-аналармен келісіліп, келісімшарт жасалды. Əр бала ата-анасының рұқсатымен қабылданып жатыр. Дəл қазір футбол секциясында 36 бала бар. Қатары күннен-күнге артып келеді. 6-12 жас аралығындағы жеткіншектер ғой. Мүмкіндік болса, Жезді, Қарсақбай кенттерінен де футбол секциясы филиалын ашу жоспарда бар. Ол бірақ алдағы күннің еншісінде ғой. – Бұл түсінікті. Ал, енді алдағы күнге қойып отырған мақсатыңыз қандай? – Ендігі ойымыз, Ұлытау облысының футбол қауымдастығымен бірлесіп, түрлі турнирлерге қатысуды қарастырып отырмыз. Сəтін салса, маусымның 3-7 аралығында Supernovas Қазақстан жобасының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өтетін турнирге бармақшымыз. Жол шығындарын компания өз есебінен төлейді. Осыған тас-түйіндей дайындық керек. Қазір соған дайындалу үстіндеміз.
– Футбол спорттың бір түрі ғана емес, балаға ойын ретінде де əсер етіп, жетілуіне, дамуына ықпал етеді ғой. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі жоба туралы не айтар едіңіз?
– Supernovas халықаралық жобасы 2022 жылы іске қосылды. Осы жоба аясында Қазақстанда 200-ден астам бала футболмен айналысады. Бұл жобаны компанияның бас директоры Арсен Томский Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдың күзінде таныстырған болатын. Сол жылы «Искра» жобасы бойынша Қазақстанда төрт футбол секциясы ашылған еді. Солардың бірі Ұлытаудағы біздің секция ғой. Бүгінгі күні бұл жобаны халықаралық деңгейге дейін кеңейту туралы шешім қабылдады. Сол үшін жобаға жаңа атау керек болып, Supernovas деп аталғаны сондықтан. Бұл Қазақстанда іске қосылған коммерциялық емес, жастар жобаларының бірі. Жалпы, жоба шағын қалалардың, ауылдардың, сондай-ақ, интернаттар мен балалар үйлерінің тəрбиеленушілеріне қолдау көрсетуге бағытталып негізделген. Ал, түпкі межесі – балаларды жетілдіруге, дамытуға футболға деген қызығушылығын оятуға арналған ғой.
– Əңгіме түйінделер тұста өз ойыңызды білдіре кетсеңіз…
– Менің мақсатым жасөспірімдерді футболмен айналысуға тарту. Олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру. Былай қарағанда, футбол бірлігімізді бекемдей түседі. Ал, футболдағы жетістікке жалықпай, тынымсыз дайындалғанда ғана жете аламыз. Біздің ауданда футбол ойыны кенжелеп қалғаны жасырын емес. Оны жоғары деңгейге көтеру үшін əлі талай шаруа атқаруымыз керек. Қазіргі менің ойым жоба аясындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Ұлытау футболын дамытсам деймін. Келешекте ауданнан саңылақ футболшылар шығып жатса, ел абыройы емес пе?!
– Əңгімеңізге рахмет!
Еңбегіңізге жеміс тіледім!
Əңгімелескен Қайрат ЖҰМАБАЙ.