Ұлытау лигасының үздіктері марапатталды

Ұлытау ауданы әкімдігі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен мекеме, бөлім қызметкерлері арасында шағын футболдан Ұлытау премьер лигасы өтті.

Екі айға жуық уақыт өткізілген жарысқа 8 команда қатысты. Жарыс нәтижесінде үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өткізілді.
Марапаттау рәсімі аудандық мәдениет үйінде өтті. Іс-шараға біріншілікте бақ сынаған барлық команда өкілдері, спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Бас-аяғы жарысқа қатысушы 8 команда бір-бірлерімен 2 айналым арқылы 14 ойын өткізді. Нәтижесінде 14 ойында 34 ұпай жинаған аудан әкімдігінің намысын қорғаған «Орда» командасы Ұлытау премьер лигасының жеңімпазы атанды. Екінші орынға 31 ұпаймен аудандық полиция бөлімінің «Қамал» командасы табан тіреді. Ал, аудандық білім бөлімінің «Білім» командасы 28 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді.
Жүлделі орындардан бөлек, әр түрлі аталымдар бойынша үздіктер маратталды. «Ұйымшыл команда» аталымы бойынша «Ұлытау мешіті» командасы, «Маусым жаңалығы» — Ербол Серікболсын (Төтенше жағдайлар бөлімі) , «Үздік гол» — Смағұлов Айбек («Мирас» командасы), «Үздік қақпашы» — Жылқыбаев Қанат («Білім» командасы), «Үздік қорғаушы» — Бейсалы Нұржан («Музей» командасы), «Үздік шабуылшы» — Сыздықов Бекзат («Спорт» командасы) және «Үздік ойыншы» — Рахат Құрмет («Орда» командасы) арнайы марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар, жарысқа қатысқан барлық командаларға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хаты берілді.