Бекзат
Тоқтауды білмейтін тұлпар-уақыт қандай ұшқыр еді десеңізші?! Алты Алаш «бөркін аспанға ата» қуанған сол бір қуанышты сәттен бері де сынаптай сырғып 20 жылдан астам уақыт өтіпті-ау, шіркін! Осы қуанышты күндердің соңы ғасырлар тоғысында келетін Жаңа жыл қарсаңында, қайғылы қазаға ұласатынын ешкім де сезбеп еді. Сол жылдың күзінде (15 қыркүйек – 1 қазан күндері) Австралияның Сидней қаласында XXVII-жазғы Олимпиада ойындары өткен болатын. 4 жылда бір болатын спорттық додаға әлемнің 199 елінен 10,5 мыңнан астам спортшылар қатысып, 300 медаль жиынтығын сарапқа салғантын.
Тәуелсіздік алғанына 10 жылға аяқ басқан Қазақ елінің өз алдына дербес, мемлекет ретінде қатысып отырған екінші Олимпиадасы еді бұл. Қазақстандық 130 спортшы (86 ер, 44 әйел) қатысқан Сидней Олимпиадасында, еліміздің еншісіне 17 спорт түрінен 7 медаль (3 алтын, 4 күміс) бұйырып, 22-орын иеленген еді. Қазақстан құрамасына бұйырған 3 алтынның 2-еуі боксшыларымызға тиесілі. Сидней Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің Көкбайрағын алып шыққан, атақты боксшымыз Е.Ибраймовтың қатарына, құраманың ең жас мүшесі, жас боксшы Бекзат Саттарханов қосылды. Киелі Түркістаннан түлеп ұшқан жас қыран Бекзат Саттарханов, 20 жасында Олимп шыңын бағындырып, «айды аспанға бір-ақ шығарған» сөйтіп! Алаш жұртшылығы ғана емес, бүкіл әлем таңдай қаққан болатын сонда қазақтың жас боксшысының бұл жеңісіне. Әттең! Әттең, Қазақ елінің мерейін өсіріп, мәртебесін шығанға шарықтатқан сол Ұлы жеңісінің иесі Бекзаттың бар-жоғы үш ай өткен соң, жол апатынан бақиға аттанатынын кім біліпті?! Жалған-дүние-ай десеңізші, өмірін енді ғана бастап, атақ-абыройға бөленіп келе жатқан жас батыр қапыда қаза болды осылайша! Қандай өкінішті!
1980 жылдың 4 сәуірінде қасиетті Түркістанның тұрғындары Сейілхан мен Сырлыкүлдің отбасы қуанышқа бөленген еді. Дүниеге Бекзат есімін иеленіп шекесі торсықтай ұл келген. Бағдат, Болат, Мақсат есімді ұлдарынан кейін дүниеге келген сүткенжелері әлжуаз, аурушаңдау болған екен сәби күнінде. Бекзаттан атағы жер жүзіне жайылатын даңқты боксшы шығады деп ешкім ойламаса керек. Алғашында ата-анасы «өзін-өзі қорғап үйренсін» деген ниетпен күрес үйірмесіне бергенмен, бала Бекзаттың көңілі боксқа ауады. Бокс өнерінің қыр-сырына қаныққан балғын боксшы, шұғылданғанына бір жыл толмастан-ақ республикалық сайыстың жеңімпазы атанады. Тәжірибелі бапкерлердің көзіне түскен жасөспірімге үлкен бокс әлеміне жол ашылып, спорттық өрлеу кезеңі басталады. Бекзат – Қазақстанда өткен жарыстарда ғана емес, Қырғызстан, Германия, Аргентина, Болгария, Венгрия, Тайланд, т.б. елдерде болған чемпионаттарға қатысып, топ жарған бокс тарланы болатын. 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасы өтіп жатқанда, Бекзат бесікте жатқан сәби еді. Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевты үлгі тұтты. Жартылай жеңіл салмақта сынға түскен Бекзат, Сиднейдің шаршы алаңында да жасындай жарқылдады. Ол румын боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериуді (14:5), африкалық Джеффри Матебуланы (16:5), кезінде Грузияда жаттығып, кейін Түркияның намысын қорғаған Рамазан Палианиді (12:11) айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда марокколық Тахар Тамсаманимен қолғап түйістіріп, 22:10 есебімен қапыда қалдырған-тын. Ал Бекзаттың финалдағы қарсыласы Американың азулы боксшысы Рикарду Хуарес болды. Атағынан ат үркетін америкалық боксшыны Бекзат жерге қаратты. Есеп 22:14! Сөйтіп Сидней Олимпиада сының алтынын жұлып әкетті қазақ боксшысы. Әлем дүр сілкінді сол сәтте! Бокс мамандары Бекзаттың бокстасу мәнері, 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының шаршы алаңында атойлаған Серік Қонақбаевтың мәнеріне ұқсайтынын айтып жатты. Ал бапкерлердің айтуынша, Б.Саттарханов ақылмен бокстасатын, аяқпен шебер қимылдай білетін, шапшаң боксшы болғанын айтады екен. Бекзаттың қарсыласы Оңтүстік Африка боксшысы Джеффри Матебула болса: «Бекзаттың аяғы мықты, жорға жүрісті боксшы екен. Осы жігіт Олимпиада финалына шығады» деген екен өзі жеңіліс тапқан соң. Әлемнің БАҚ-ы қазақтың алтын сақадай шып-шымыр боксшысы Бекзат Саттарханов туралы жарыса жазды. Рингте жасындай жарқылдаған жас боксшы Бекзат Саттарханов тірі болғанда биыл 4 сәуірде қамал бұзар 40 жасқа толар еді. Небәрі 20 жасында Олимпиада ойындарында топ жарып әлемге танылған Бекзат, Елбасының қолынан І-дәрежелі «Барыс» орденін алған тұңғыш спортшы болды. Сидней Олимпиадасында тәуелсіз Қазақ елінің Көкбайрағын көкке көтертіп, Әнұранын шырқатқан қайран Бекзат, 2000 жылдың 31 желтоқсанында, жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда, Шымкент-Түркістан тасжолы бойындағы Темірлан бекеті тұсында автокөлік апатынан қаза болды. Спорт әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Бекзаттың ерлігі мен қол жеткізген жетістіктерін қазақ жанкүйерлері түгілі, күллі әлем білетіні сөзсіз. Небәрі 20 жасында Олимпиада ойындарының жеңімпазы болған Алаштың ардақты ұлы бұл өмірден өтсе де, оның есімі, оның рухы өлмейді! Сен еліңмен мәңгі біргесің Бекзат!
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ