Сынаққа толы жыл болды

Санаулы күндерден соң 2020 жылмен де қош айтысамыз. Бұл жыл ел есінде несімен қалды? Ескі жылдың сынағы мен бізге үйреткен сабағын таразылап көрсек…

COVID-19

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни, 2019 жылдың желтоқсан айында «Қытайда қатерлі індет тарады» деген ақпарат жарияланды. Әу баста оны ойлап, бас қатырмағанымыз рас. Әйтсе де, індет Қытай аумағынан шығып, әлемге тарай бастады. Осы ретте, Қазақстан Үкіметінің дер кезінде шешім қабылдап, алдын алу шараларын тиімді жүргізгенін айта кеткен жөн. Шекарамыз түйісіп, қоңсы отырған елде басталған эпидемия бізге бірден келген жоқ. Үш ай! Тұп-тура үш ай коронавирустың ел аумағына кіруіне жол бермедік. Дегенмен, оны түбегейлі тойтару мүмкін емес еді. Наурыз айында вирус бізге де жетті. Әрі қарай шектеу шаралары, ұзаққа созылған үйқамақ…

Иә, қатаң санитарлық талаптар мен дәрігерлердің күндіз-түні үй бетін көрмей күрескенінің нәтижесінде індеттің алғашқы толқынын еңсердік. Қауіп әлі сейілген жоқ. Бірақ, бастапқы сәттегідей абдырау аз. Вируспен күрес тәжірибесі бар.

«Біз біргеміз»

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен…» дейді. Тауып айтылған сөз. Індет халықтың денсаулығына қауіп төндірумен қоса, қалтасына да салмақ салды. Шектеу шараларына байланысты көптеген нысандардың жұмысы уақытша тоқтады. Бұл қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтар үшін ауыр сынақ еді. Десек те, билік халықты қиындықпен жалғыз қалдырған жоқ. Табысынан айырылған жандарға 42500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындап, талғажау табуына мүмкіндік берді. Тарихқа көз салсақ, еліміз небір алмағайып күндерді бастан өткергенін көреміз. Соның барлығын жеңіп шыққан. Өйткені, қажет кезде «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып, бірлік таныта білген. Бұл жолы да солай болды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қоры мыңдаған адамға көмек көрсетіп, көптің алғысына бөленді. Қор жұмысына қолдау көрсетуден қалталы азаматтар мен ірі компаниялардың да аянып қалмады. Осы орайда, ұлытаулықтар да ұлағатты істердің ұйтқысы бола білді.

Еріктілер ерледі

2020 жыл – Волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл, шын мәнінде, еріктілер ерлігін көрсеткен жыл болды. Жастар қатерге бас тігіп, ауруханаларда дәрігерлерге қолғабыс жасады. Қарттар мен көпбалалы отбасыларға азықтүлік, дәрі-дәрмек жеткізіп тұрды. Олар осы арқылы қоғам мүддесі бәрінен жоғары екенін айғақтады.

Ілгерілеу – іркіліссіз

Төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнестің жұмысы тежелді. Мұның жеңілге соқпағаны анық. Ел экономикасының негізгі тірегі – шағын кәсіпкерліктің күйреуінің салдары тым ауыр болар еді. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шаралары қабылданды. Салық жеңілдігі қарастырылды. Сондай-ақ, зардап шеккен кәсіп иелерінің несиелері жылдық 6 пайыз мөлшерінде субсидияландырылды. Ауылдардың ахуалы да ұмыт қалған жоқ. Қиындықтарға қарамастан, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жалғасын тапты. Ұлытау ауданы аумағында да біршама нысан осы бағдарлама негізінде қайта жаңғыртылып, басқа да кешенді жұмыстар жүргізілгенін айта кеткен жөн. Қысқасы, ілгері басу шаралары іркіліссіз іске асты.

Құндылықтар өзгерді

Иә, 2020 жыл қалыптасқан құндылықтардың өзгеруіне ықпал еткен жыл болды. Біз қауіпті індетпен бетпе-бет күресе отырып, одан сабақ алдық. Әр сәтті бағалаудың, жақынымызға қамқор болудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Ысырапқа жол бермей, отбасылық қуанышты туған-туыстың ортасында атап өтуге болатынына көз жеткіздік. Дарақылық пен бос мақтанның зияндылығын аңғардық. Терең түйсінген жанға бұл үлкен сабақ…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ