Елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды
Бүгін қазақстандықтар Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 8:00-де аяқталады.
Республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы және Шымкент) дауыс беру төрт бюллетень бойынша саналады. Оның екеуі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау және екеуі – мәслихаттар бойынша. Ал 17 облыста дауыс беру бес сайлау бюллетені бойынша өтпек. Оның екеуі Мәжіліс бойынша, екеуі – облыстық мәслихаттар бойынша және біреуі – аудандық немесе қалалық бюллетеньдер.
Сайлау күні 45 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Оның ішінде белгілі бір бөлігі тікелей сайлау учаскелерінде және бір бөлігі көшеде тәртіпті қадағалайды. Одан бөлек, сайлау учаскелеріне жақын аумақтарда күзет болады.
Сайлау күні мүгедектігі бар жандарға да тиісті жағдай жасалады. Барлық өңірдегі сайлау учаскелерінде Брайль шрифті бар трафареттер, сондай-ақ кандидаттар тізбесі бар бюллетеньдердің аудио нұсқалары қолжетімді болады.
Сондай-ақ сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова дауыс берушілерге маска тағуды ұсынды.