Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды
Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков Алғабас ауылының тұрғындарымен кездесті. Есептік кездесуді аудан басшысы ашып, сөз кезегін ауыл әкімі Әшімбек Мұхышевке берді. Ауыл әкімі атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында аудандық бөлім бөлімінің басшысы Бағдат Абдраимов өз саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпаратын берді.
Кездесуді Аманжол Батырбекұлы қорытындылап, бұған дейінгі жиында көтерілген мәселелердің қалай шешіліп жатқанына тоқталып өтті.
Биыл жергілікті мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады.
«Қатысу бюджеті» арқылы спорт алаңы салынады.
«Қаракеңгір – Алғабас» бағытындағы облыстық дәрежедегі 10 шақырым жол асфальттау жоспарлануда.
Алғабас ауылында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Соның ішінде кәсіпкерлік саласында ілгерлеушілік байқалады. Бүгінгі күні жергілікті тұрғындарға қажетті тігін цехы мен наубайхана қызмет көрсетуде. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ауыл тұрғыны Ардақ Бахытбек облыс әкімінің грантына ие болып, ауыл ішінде автокөлік жөндеу бекетін ашпақ. Сондай-ақ, ауыл орталығына жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарда бар.
Бұдан кейін ауыл тұрғындарымен кездесу Егінді ауылында жалғасты. Мұнда ауыл әкімі Марғұлан Әлмағанбет атқарылған жұмыстары жөнінде есебін беріп, алдағы атқарылатын жұмыстарын бағамдады.
Ауыл тұрғындары мектепке автокөлік қажет екенін айтып, ауылға ұялы байланыс қызметін орнату және жол мәселесін көтерді.
Кездесу барысында аудан әкімі бұған дейінгі кездесуде Егінді ауылында көтерілген мәселелердің оң шешімін тапқаны жайлы баяндады.
Мәселен, биыл ауылдағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық бюджеттен ауылға әкелетін аудандық дәрежедегі жолды жөндеуге қомақты қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа 32 шақырым жол жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, ауылдағы ескі үйлердің орнын тазартып, қатты қалдықтарды сыртқа шығару жұмыстары жүргізілмек.
Есептік кездесуден кейін аудан басшысы жеке мәселелер бойынша ауыл тұрғындарын қабылдап, сұрақтары мен өтініштеріне жауап берді.
Бүгінгі таңда Егінді ауылына көші-қон бағдарламасы аясында көшіп келіп жатқан отбасылар бар. Осы жылы аталған бағдарлама бойынша 2 отбасы ауылға көшіп келмек. Мектепке де жас мамандар келіп, жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ, мектеп ауласына аудандық білім бөлімі арқылы жаңадан шағын футбол алаңы салынбақшы. Ал, «Қатысу бюджеті» арқылы ауыл орталығына балалар ойын алаңын салу жоспарлануда.
Жалпы, Алғабас пен Егінді ауылдарында өткен есептік кездесулер барысында аудан басшысы 2023 жылдың 19 наурыз күні өтетін сайлауға ауыл тұрғындарын белсене қатысуға, сонымен қатар, Наурыз мейрамына дайындық жұмыстарын жүргізіп, мерекелік шараны ұйымшылдықпен өткізуге шақырды.