Конституциялық сот: Қоғамнан қолдау тапқан құрылым
«Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жыл бұрын жариялаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауындағы қоғамнан қолдау тапқан саяси жаңалықтың бірі – елімізде Конституциялық сот құру идеясы еді. Өйткені адамдар жүрген ортада күн сайын сан тарау оқиға болып жатады. Ал бағдарлы болашаққа бет түзеген әрбір елдің ең негізгі ұстыны – азаматтардың заңды құқығы сақталып, әділдіктің салтанат құруына жағдай жасау.
Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.
Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі
(Мемлекет басшысының «жаңа қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауынан)
Конституциялық сот – әлемдік тәжірибеде маңызды мәнге ие. Алғаш Аустрияда пайда болған жүйе Германия, Югославия, Польша, Шығыс Еуропа елдерінде түгелдей дерлік жұмыс істеп, өз тиімділігін танытып отыр. Бұл бағыт бізге де бейтаныс емес. Тәуелсіздік алған алғашқы жылы Конституциялық сот құрылғанымен, 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, Конституциялық кеңес құрылуына байланысты Конституциялық сот өз қызметін тоқтатқан болатын. Азаматтар құқын Ата Заңмен қорғауда құзыреті жоғары құзырлы орынның қайта жұмыс бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Тек заң талаптарын емес, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің де Ата Заңнан алшақтамауын бақылайтын институт жүйелі жұмысқа кірісті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, Конституциялық сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, прокуратура, сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады», деп атап өткен еді.
Аталмыш институт талқысынан өткен әр мәселе ел тағдырына тікелей әсер ететіндіктен әрбір шешім Ата Заңға сәйкес қабылдануға тиіс. Маңызды міндетке кіріскен қазыларға жауапты міндет жүктеліп отыр. Жолдау барысында қолдау тапқан маңызды құрылымның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар мен түрлі салада көпжылдық тәжірибесі бар заңгерлер кірген. Теория мен тәжірибесі ұштасқан мамандардың қызметі қоғам назарында.
– Жаңадан құрылған институт ел аумағында Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етуі үшін барлық жағдай жасалғанын Конституциялық сот судьяларымен кездесуінде Президент баса айтты. Елімізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға баса мән берілуде. Ең бастысы, бұл жұмысқа қатысуға қоғам өкілдері ынталы. Ел арасында талқыға түсіп үлгерген біраз өзекті мәселе халық назарына ашық, айқын және қарапайым тілмен жете бастады. Бәрімізге мәлім, Қазақстан Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп бекіткен. Конституциялық соттың басты артықшылығы – оның тек адам құқығын жоғары деңгейде қорғауында ғана емес, сонымен қатар Конституция нормаларын тікелей қолдануы және іске асыруы. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, Конституциялық соттың корпусы негізінен академиялық сынмен қарай алатын құқық профессорларынан қалыптасады. Олардың шығарған шешімдерін, ондағы келтіретін концептуалды уәждер мен бейтарап негіздеулерін оқудың өзі неге тұрады?! Бұл, түптеп келгенде, конституциялық құқық ғылымы мен теориясының дамуына да үлкен серпін беретіні сөзсіз, – дейді заң ғылымының кандидаты Қазыбек Дәуталиев.
Конституциялық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 4 қаңтар мен 13 ақпан аралығында сотқа мыңнан астам өтініш келіп түскен. Қате толтырылған құжаттар қабылданбайтынын айтқан мамандар өтініш беру кезінде ең негізгі ескеруге тиіс жайларды түсіндіріп өтті. Біріншіден, өтінішті өзге біреудің ЭЦҚ-сымен жолдауға, заңды өкілдің Конституциялық сотқа өтініш берушінің келісімін растайтын құжатсыз жүгінуіне, сотқа жүгіну құқығына ие субъектілер санатына кірмейтін тұлғалардың өтініш жазуына тыйым салынады. Екіншіден, өтініш беруші Конституциялық соттың құзыретіне қатысы жоқ қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне не құқық қорғау органдары мен басқа да лауазымды адамдардың әрекеттеріне шағымдана алмайды. Тағы бір ескерер жайт, егер өтініш беруші құқықтық актілер нормаларының Конституцияға сәйкестігін дауласа және бұл ретте олардың жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты екенін көрсететін толық дәлелдер келтірмесе не нақты норманы немесе оның жекелеген ережелерін нақтыламай, тұтас құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы мәселені негізсіз қойса, өтініш иесіне жолданады.
Конституциялық сотқа келіп түскен өтініштер ең алдымен тіркеліп, олардың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталуы тексерістен өтеді. Сот судьялары өтінішті алдын ала зерделеп, Конституциялық соттың отырысында өтінішті қарау үшін материалдар әзірленеді. Конституциялық соттың өтінішті қарау жөніндегі отырысы өткеннен кейін қорытынды шешім қабылданып, жарияланады. Азаматтардың өтініштері конституциялық іс жүргізуге қабылданған күннен бастап 3 ай ішінде қаралуға тиіс. Алайда өтініштің күрделілігін және барлық мән-жайды барынша толық зерттеу қажеттілігін ескере отырып, қарау мерзімі ұзартылуы да ықтимал.
Таяуда Конституциялық сотта өткен жиын барысында азаматтарға кәсіби заңгерлік көмек көрсету мәселелері талқыланды. Басқосуда қозғалған негізгі мәселе – Конституциялық соттың атына өтінішпен жүгінетін азаматтарға мемлекет кепілдік берген сапалы заң көмегін көрсету. Атап айтқанда, заң көмегі саласындағы нормативтік-құқықтық актілер мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мәселелері өзекті болып тұр. Себебі жыл басынан бері Конституциялық сотқа келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігінде өтініш берушілер мен олардың заңды өкілдері құжаттарды жазу және ресімдеу кезінде көп мәселеге тап болған. Осыған орай құзырлы орган конституциялық іс жүргізу және азаматтарға сапалы заң көмегін көрсету мақсатында кәсіби заң мамандарына арналған оқыту семинарларын ұйымдастыруды көздеп отыр.
Ал Конституциялық сот жанынан құрылған Ғылыми-консультативтік кеңестің бірінші отырысында еліміздегі заңдылықтың жай-күйі кеңінен талқыланып, конституциялық іс жүргізу шеңберінде сараптамалық қорытындылар беру және басқа да өзекті құқықтық мәселелер сөз болды. Айта кетейік, бұл кеңестің құрамына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 36 ғылыми қоғамдастық өкілі кіреді. Олардың 32-сі заң ғылымдарының докторы.
Жыл басында ғана іске кіріскен Конституциялық сот қордаланған мәселелердің оң шешімін табуына сеп болса игі. Президент Жолдауда атап өткендей, заң үстемдігі қағидатының мызғымастығы – еліміздегі саяси реформалардың өзегі. Ал жүргізіліп жатқан реформалардың мазмұны мен сапасы бәрінен маңызды.