Жарқын болашақ – мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынында
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ 2022 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы «Əділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталды. Жолдаудағы төртінші бағдар «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» яғни үкіметке жаңа əкімшілік реформа əзірлеп, мемлекеттік органдардың жұмыс нəтижесін жақсартып, жауапкершілігін арттыру тапсырылды. Бұл, қазіргі таңда сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылардың керектігін көрсетеді. Айтылған мəселе жаңадан құрылып жатқан облыстарымызға тікелей байланысты. Себебі, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жəне жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет.
Олай болса, Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кəсіби мамандар үшін барынша ашық, кадрлық резервті нығайту, сонымен қатар, бүкіл əлемдегі азаматтардың əлеуетін жұмылдыру үшін арнайы платформаны іске қосып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс.
Мемлекеттік қызметке жастар құрамын тарту болашағымыздың жарқын болуына септігін тигізері анық. Себебі, еліміздің бүгіні мен болашағы өскелең ұрпақ, жас буынның қолында деп бекер айтылмаса керек. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев атамыз жырлағандай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты күш-жігері басым, қырандай күшті қанатты ұмтылысы жетік жастардың болашағына сонау заманның өзінде-ақ болжам жасап «Мен жастарға сенемін» деп жігерлі өлеңін жарыққа шығарған.
Қазіргі таңда қаншама жастарымыз бір иығына бірнеше дипломды арқалап жүр. Дегенмен, əттеген-ай дейтін дүниелер де аз емес. Себебі, болашағын сол дипломмен жалғамай, басқа салада нəпақасын тауып жүргендер жетерлік. Оның барлығы буыны қатып, белін буған жастан бастап мамандық таңдаудағы қателігі.
Иə, мамандық таңдау əр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені ол өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Мамандық таңдауда əр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.
Бұл ретте, келесі сұрақтар туындайды. Мемлекеттік қызметші болғыңыз келе ме? Мемлекеттік қызметке қалай қабылдануға болады?
Бұл сауалдарға жауап бермес бұрын алдымен мемлекеттік қызмет туралы қысқаша тоқталып өтсек.
Мемлекеттік қызмет — мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi.
Мемлекеттік басқару аясы сан түрлі, олардың əрқайсысы нақты бір салаға жауап береді: ауыл шаруашылығы, экономикалық даму, қаржы, білім, денсаулық сақтау, əлеуметтік қорғау, қоғамдық даму, көлік, жер қатынастары жəне сəулет, құрылыс жəне т.б.
Мемлекеттік қызметшілердің сəйкесінше кəсіби жоғары білімі болуы қажет, нақты салада еңбек тəжірибесі болса құба-құп, яғни халықпен тығыз байланыста болып, қоғамның сұранысына, сауалына уақытылы, сапалы жауап беріп, мемлекеттің ішкі, сыртқы саяси бағдарын ұстана отырып, ел басшылығының алға қойған мақсаттарының орындалуына атсалысуы керек. Көбінің көкейінде жүрген сауал ол, мемлекеттік қызмет несімен қызықтырады?
Бірінші кезекте, мемлекеттік қызметті таңдауда адамның жеке басы қасиеттерінің ерекшеліктері əсер етеді, бұдан кейін сыртқы факторлар, абыройлылық, тұрақты еңбекақы, жайлы жұмыс орны, əлеуметтік кепілдіктер. Жоғары оқу орындарының түлектері алғашқы еңбек жолын мемлекеттік органдардан бастаса, бұл мансаптық өсуге негіз болатыны сөзсіз. Алайда өмірлік əрі еңбек тəжірибесі аз жастар мемлекеттік қызметтің қаншалықты жауапты жəне ауқымды қызмет екенін түсіне бермейді. Кейде ата-анасының итермелеуімен, туыстарының айтуымен яғни ойламаған жерден мемлекеттік қызметке түскен жастар жұмыстың ауыртпалығын көтере алмай, қызметтен шығып кететіндері тағы бар. Мемлекеттік қызмет жай ғана ақ жаға, галстук тағып, таза киім киініп, əдемі кеңседе, тұрақты жалақы алып отыру емес, бұл күнделікті, қажырлы, тиянақты еңбек ету.
Өз таңдауыңызды жасадыңыз ба? Мемлекеттік қызметші болуға бел байладыңыз ба? Олай болса, мемлекет жастардың мемлекеттік қызметке орналасуына оңтайлы жағдайларды қарастырған. Яғни «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар еңгізілді. Мұнда 15-баптың 5-тармағында жастардың мемлекеттік əкімшілік қызметке кіру үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында уəкілетті орган белгілеген мəннен төмен емес оқу нəтижесімен оқуын бітірген адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда, мəслихаттар аппараттарында, ревизиялық комиссияларда, орталық мемлекеттік органдардың жəне олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алатындығы көрсетілген.
Бұдан бөлек осы баптың 6-тармағына сəйкес жоғары жəне (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында уəкілетті орган белгілеген мəннен төмен емес оқу нəтижесімен оқуын бітірген адамдар осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының мына мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына:
1) облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың əкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) əкімі жəне мəслихаты аппараттарының төменгі лауазымына;
2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы жəне облыстық маңызы бар қала (облыстың əкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшылық емес лауазымына;
3) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ əкімі аппаратының басшылық емес лауазымына;
4) орталық мемлекеттік органның жəне оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың əкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымына орналаса алатындығы жазылған.
Сонымен қатар,15-баптың 7-тармағы «Б» корпусына төмендегі мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасуға жол беріледі:
1) орталық мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы;
2) орталық мемлекеттік органның жəне оның ведомствосының облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аумақтық бөлімшесінің басшысы;
3) облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органының басшысы;
4) орталық мемлекеттік органның ведомствосы басшысының орынбасары;
5) Жоғарғы Соттың қызметін ұйымдастырушылық жəне материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уəкілетті орган басшысының орынбасары;
6) Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты басшысының орынбасары.
Ал енді, жоғары жəне (немесе) жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде мемлекеттік қызметке орналаспаған немесе екі-үш жыл бұрын оқу бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке орналасатын азаматтар мен азаматшалар үшін келесі іріктеу сатыларынан өту қажет болады. Ол үшін келесіге мəн бергеніңіз абзал.
Мемлекеттік органдарда бос лауазымдар пайда болған жағдайда конкурс жарияланады. Конкурсты өткізу туралы хабарландырулар бос лауазымдары бар мемлекеттік органдардың жəне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтында жарияланады. Бос орынды анықтап, сол мемлекеттік органда жұмыс жасауға бел бусаңыз, конкурсқа қажет құжаттарды жинақтауға кірісе беріңіз. Өйткені құжаттарды конкурс туралы хабарландыруды жариялаған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде тапсыру қажет, əйтпесе үлгермей қалуыңыз əбден мүмкін. Конкурс жөнінде сұрақтар туындаған жағдайда хабарландыруларда көрсетілген байланыс нөмірлеріне телефон соғып, кеңес алуға болады.
Белгіленген межеге жетудің бастапқы нүктесі Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден басталады. Бұл конкурстық іріктеудің алғашқы əрі маңызды сатысы. Тестілеуді конкурстық іріктеу кезінде ғана емес, оны алдын ала да өтіп қоюға болады. Мүмкіндігіңізше солай істегеніңіз жөн, өйткені сəті түсіп, тестілеудің оң нəтижесіне қол жеткізген жағдайда, қолыңызға мерзімі 1 жылға жарамды сертификат беріледі жəне онымен кез келген жалпы конкурсқа қатыса аласыз.
Тестілеу компьютерде, арнайы жабдықталған залда дұрыс жауапты белгілеу арқылы жүргізіледі. Заңдар тізімі, тестілеудің ұзақтығы жəне сұрақтар саны таңдаған тестілеу бағдарламасына байланысты əртүрлі болуы мүмкін.
Тестілеуге жазылу үшін үйде отырып «электрондық үкімет» (egov.kz) арқылы тестілеу бағдарламасын таңдап, тест тапсыру уақыты мен күнін белгілеп, өтініш берсеңіз жеткілікті.
Тестілеуге барғанда өзіңізбен бірге жеке басыңызды куəландыратын құжаттарыңызды алуыңызды ұмытпаңыз. Тестілеуді өту барысында сізден ұялы телефоныңызды қалдыруды немесе өшіріп тастауыңызды сұрайды. Дайындаған қағаздарыңызбен жəне басқа да құжаттармен кіруге тыйым салынған. Тестілеу залы видеобақылаумен жабдықталған жəне сіз телефон немесе əзірленген дайын жауапты қолдану үстінде ұсталсаңыз, тестілеу орталығының қызметкерлері тестілеу процедурасын бұзу жөнінде акт толтырады. Мұндай жағдайда қайта тестілеуді 6 айдан кейін ғана тапсыра аласыз.
Тестілеудің оң нəтижесіне ие болсаңыз, жеке басыңыздың қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге өтуге жіберілесіз. Бұл — конкурстық іріктеудің екінші сатысы.
Тестілеудің бұл түрінде үміткерлердің келесідей жеке қасиеттерінің даму деңгейі анықталады: бастамашылдық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға жəне оны хабарландыруға бағдарлану, адалдық, өздігінен даму, стресске орнықтылық, өзгерістерді басқару, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, шешім қабылдау, қызметті басқару, ынтымақтастық жəне əрекеттестік, жеделділік.
Соңғы əрі шешуші саты — əңгімелесу. Ол бос орын туралы конкурс жариялаған мемлекеттік органда өтеді. Өзіңізді комиссия мүшелері алдында еркін ұстап, ұтымды жағынан көріне біліңіз, оларды алдыңызға қойған міндеттерді орындауға барлық қажетті кəсіби жəне жеке қасиеттеріңіздің бар екеніне сендіріңіз. Комиссия таңдауы сізге түспесе, қам жемеңіз, өйткені алған тəжірибеңізді оңтайлы пайдалана отырып, келесі конкурстарға қатысуа толық мүмкіндігіңіз бар.
А.АБИКЕНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша Департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.