Туберкулезбен күрес айлығы жалғасуда
2023 жылдың 24 ақпан – 24 наурыз аралығында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық өткізілуде. Бүкіл дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша Туберкулезбен күрес айлығының 2023 жылғы ұраны: «Біз туберкулезді жеңе аламыз». Аталған аурудан жылына мыңдаған адам көз жұмады. Бүгінгі күні əлемде барлық мемлекеттер туберкулезбен күресу жұмыстарын мемлекеттік дəрежеде жүргізуде, сондай-ақ біздің елімізде туберкулез ауруынан емделу тегін жүргізіледі.
Негізінен туберкулез ауруының қоздырғышы адам организміне ауа-тамшылы жолмен жəне күнделікті тұрмыста науқас адамның заттарын пайдалану кезінде Кох таяқшаларының енуінен пайда болады. Бұл таяқшалар адам организмінің барлық мүшесін зақымдайды, соның ішінде өкпе туберкулезінің үлесіне 90-95%-ы келеді. Сондықтан адамдар өкпе туберкулезіне жиі шалдығады. Кох таяқшалары сыртқы ортада бірнеше сағатқа дейін өмір сүру қасиетіне ие, егер де науқас адам ұзақ уақыт жабық бөлмеде болған кезде, сол бөлменің ауасына Кох таяқшалары мол тарап, айналасындағы адамдарға аурудың тарауына қолайлы жағдай туғызады. Негізінен аурудың алғашқы белгілеріне дене температурасының көтеріліп, бір деңгейде ұзақ тұруы, əлсіздік, тез шаршау, 2-3 апта бойы жөтелуі, дене салмағының күрт азаюы, түнгі мезгілдерде тершең болуы жатады. Əрбір адам жоғарыда аталған бұл белгілер пайда болған жағдайда міндетті түрде арнайы дəрігерге көрінуі қажет.
Туберкулез ауруы жұқпалы болуына байланысты, егерде отбасында осы сырқатпен ауыратын адам болса, қалған отбасы мүшелері міндетті түрде флюоро бақылаумен тексерілуі тиіс жəне науқастың жеке ыдыс-аяғы, төсек-орыны, орамалы, қақпағы бар түкіргіші болуы керек. Науқас адам жататын бөлме күнделікті желдетіліп, аптасына кемінде 2 рет бөлмеге ылғалды тазалық жұмыстары жүргізілуі қажет.
Туберкулез ауруы əлеуметтік ауру болғандықтан, көбінесе əлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелері, салауатты өмір салтын сақтамайтын топтағы адамдар жəне кездейсоқ науқас адамдармен қарым-қатынаста болған иммунитеті төмен адамдар туберкулезге жиі шалдығады. Мұндай топқа қарт кісілер мен жас балалар жатады. Ауру белгілері байқалған жағдайда жергілікті əкімдікке ескертіп, дəрігерлік амбулатория немесе фельдшерлік-акушерлік пунктке тіркетуі міндетті болып саналады.
Туберкулез ауруынан сақтану өз қолымызда екенін ұмытпайық.
Ұлытау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.