Саяси партиялардың сайлауалды дебаты 16 наурызда өтеді
19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы алдында саяси партиялардың пікірсайысы күні белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Сайлау туралы заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысатын саяси партиялардың дебатын ұйымдастырады. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы өз құзыретіне сәйкес пікірсайысты өткізу ережелері мен қағидатын бекітті. Қабылданған шешім бойынша саяси партиялардың пікірсайысын өткізу 2023 жылғы 16 наурызға белгіленді», – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.
Телевизиялық пікірсайыс «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетіледі.
«Теледебат өткізу бойынша қаулы бір ауыздан қабылданды. Осы қаулы Мәжіліс сайлауына қатысатын сайлауалды штабтарының назарына жеткізілсін. Орталық сайлау аппараты «Хабар» агенттігімен сайлауалды пікірсайыс өткізу туралы шарт жасассын», — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.