Құрметті «Ұлытау» газетінің ұжымы және оқырмандары!
Сіздерді қасиетті мекеннің шырақшысына айналған «Ұлытау» газетінің 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Қоғамда баспасөзге қашанда артылар жауапкершілік – зор. Көшпенділер өркениетінің бастауы саналатын Ұлытаудағы жалғыз газет ретінде сіздерге жүктелген міндет жеңіл емес. Дегенмен, 1940 жылдан бері оқырманның қолынан түспей келе жатқан басылым бұл міндетті абыроймен арқалап келеді. Газеттің 80 жылдық тігіндісінен ауданның даму жолынан бөлек, Ұлы Дала төсінде ғасырлар бойы орын алған елеулі оқиғаларға қаныға аламыз. Бастапқыда «Большевик туы» деген атаумен небары 2 бет болып шыққан басылымның бүгінде көлемі мен мазмұны арта түскені анық. Ол қоғамдағы өзгерістерді экономикалық, саяси, рухани-мәдени мәселелерді көтеру арқылы жұртшылықтың ортақ пікірін қалыптастырып отыр.
«Ұлытау» газеті – таланттар талабын шыңдаған мектеп. Бұл – Әбілқасен Әмірәлин, Мағзұмбек Машайықұлы және басқалары секілді шебер ұйымдастырушы, қарымды қаламгерлер еңбегінің жемісі.
Айтары бар басылым ретінде аудан жұртының сүйікті газетіне айналған «Ұлытаудың» сара жолы жалғасты болғай!
Шығармашылық табыстар тілеймін.
Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,
«Дидар» телеарнасының директоры,
Қазақстанның Құрметті журналисі.