Көрме ұйымдастырылды
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығы №1 Тірек мектебінің оқушыларымен байланысын үзген емес. Аталған мекеменің Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімі жуырда оқушыларға арнап «Алтын Орда мұрасы» атты көрме ұйымдастырды.
Көрме 2022 жылдың қазан айының 26-28 аралығында «Ұлытау» музей-қорығының ұйымдастыруымен өткен «Алтын Орданың тарихи-мəдени мұрасы» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясы аясында көрермен назарына ұсынылған еді. Бұл жылжымалы фото-көрме онлайн жəне оффлайн түрде өткізілді. Мақсатымыз – мектеп оқушыларына Ұлытау аймағында орналасқан Алтын Орда дəуіріне тəн ескерткіштерді дəріптеу, оқушылардың патриоттық сезімдерін ояту, туған жердің тарихына деген қызығушылықтарын одан əрі арттыру болып табылады.
Көрменің алғашқы сөзін Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Гүлсұлу Əділбекқызы мектеп ұстаздары мен оқушыларына көрменің мақсатын айтып, ашып берді. Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің экскурсоводтары Қымбат Талғатбекқызы, Жанерке Малгелдіқызы, Гүлден Есенқабылқызы жоғарғы сынып жəне бастауыш сынып оқушыларына көрмені таныстыру жұмыстарын екі мезгіл жүргізді.
Көрмеде Жошы хан мазары, Алаша хан мазары, Болған ана мазары, Құлан ана мазары, Алтыншоқы, Едіге тауы, Шотқара қалашығы, Ордабазар қалашығы, Талмас ата мазары, Келінтам мазары жəне Жошы хан мазарының құббасы туралы мағлұматтар берілді. Ұлытау өңірінде Алтын Орда дəуіріне тəн отыздан аса ескерткіштер шоғырланғанын жəне түпнұсқа өрнекті кірпіштері «Ұлытау» музей-қорығындағы «Ұлытау əлемі» экспедиция залында көрмеге қойылғаны жөнінде ескертілді. Көрме соңында оқушылар толғандырған сұрақтарына жауап алып, Экскурсия бөлімінің басшысы Гулсұлу Əділбекқызы қызықтырған деректер бойынша пікір алмасты. Мектеп ұстаздары өлкемізде орналасқан тарихи ескерткіштерге экспедиция ұйымдастырып беруімізді, алдағы уақытта оқушыларға тың ақпараттармен бөлісер осындай көрмелердің жиі ұйымдастырып тұруын сұрады.
Жанерке ƏБДІКƏРІМОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсоводы.