Жаңа балабақша – балалар игілігіне
Күні кеше Ұлытау ауданының орталығында «Ұлар» балабақшасының салтанатты ашылуы болды. Мектепке дейінгі балаларды тəрбиелейтін орынның ашылуына аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ қатысты. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын балабақшаның ашылуымен құттықтады.
– Балаларға қамқорлық, жас отбасыларына қолдау – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттағы басымдықтың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің кішкентай бүлдіршіндерін тəрбиелеп, олардың ой-өрісін дамыту үшін елде барлық жағдайлар жасалуда.
Бүгін біздің ауданда да осыған сəйкес жекеменшік балабақша ашылып отыр. Кəсіпкерлер жекеменшік балабақша ашу туралы ұсыныстарымызды қабылдап, оны тиімді табыс көзі деп қабылдауда. Осы жұмыстарды бұдан əрі де жалғастыра беруге мүдделіміз. Алға қойған жоспарларымыз да жоқ емес, – деді аудан басшысы.
Тілектерді одан əрі əсерлі əдіптеген облыстық білім басқармасының басшысы Сафура Төлекова, облыстық Іскер əйелдер қауымдастығының төрайымы Айман Исина, «АMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы Ахат Құрмансейітов те жұртшылықты мерейлі қуаныштарымен құттықтады. Əңгіме барысында жаңа балабақша заман талабына сəйкес тəрбие мен білім беру жұмысын ұтымды ұйымдастыруда тегеурінді істерді орнықты жүргізуге ұйытқы болар тəрбие орнына айналарына сенімді екендіктерін мəлімдеді.
Салтанатты жиында лента қию рəсімін аудан басшысы Аманжол Батырбекұлы мен облыстық білім басқармасының басшысы Сафура Сейдуəлиқызы іске асырды. Іле-шала қазақы салт дəстүр бойынша шашу шашылды. Жас ақын Құрмет Тілеулинов жүрекжарды арнау өлеңін оқыды.
Бұдан кейін аудан əкімі бастаған қалың қауым жаңа балабақша бөлмелерінің жай-күйін аралап жүріп, жете танысты. Қуаныштан жүздері алаулаған ата-аналармен əңгімелесіп, ой бөлісті.
Сөз орайы келгенде, айта кетейік бұл балабақша «Аңсар» жеке кəсіпкерлігінің жетекшісі Айдана Танабаеваның иелігінде. Ол 2022 жылы «Бизнес жоба-2025» жол картасы аясында бөлінген гранттың иегері.
Жас кəсіпкер заман талабына сай қоғамдағы бəсекелестікке қабілетті жекеменшік балабақша жобасын қорғаған болатын. Соның нəтижесінде туған өлкесіне үлесін қосу мақсатында осы балабақшаны ашып отыр.
Балабақша иесі Айдана Танабаеваның айтуынша, барлық бөлмелер санитарлық талапқа сай жабдықталған. Тəрбие мен білім беруге арналған жақсы материалдық база жасалыныпты. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылған. Ұлытаулық 9 тұрғынды жұмыспен қамтыған.
Бір көңіл сүйсінетіні, балабақша тарапынан көпбалалы отбасындағы балаларға 50 пайыз жеңілдік жасалған. Бұдан бөлек, аз қамтамасыз етілген 3 отбасының балаларын балабақшаға тегін орналастыру қарастырылып отыр екен.
– Біз қызметке жоғары санатты тəрбиешілер мен логопед-дефектолог мамандарын қабылдадық. Сонымен қатар, балалардың дүниетаным шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында музыка, хореограф мамандары да бар. Бүгіннен бастап жаңа өзгерістер енгізілуде. Ол жаңа үрдісте заманауи технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан бүлдіршіндердің құзіреттіліктерін дамыту барысында «Роботехника» жəне интерактивтік-құрал жабдықтарды да, балалардың жүйке эмоционалды жайлылығын сақтау үшін құмды ойын терапиясында енгізіп отырмыз, – дейді Айдана Сағындыққызы бізбен əңгімесінде.
Иə, шынында да балабақшадағы тəрбие – бала табиғатына мейлінше əсер етері айдан анық. Өйткені, балабақша жан-жақты тəрбие жəне дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын.
Қайрат ЖҰМАБАЙ