«Ұлытау» газетінің ұжымына

Құрметті достар!

Қадірлі әріптестер!

Сіздерді және газет оқырмандарын ерекше мереке – «Ұлытау» газетінің 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Басылымның тарихы – тым терең, тағылымы – талай ұрпақтың жадында. Сондықтан, оның толайым мерекесінің мерейі – кешегі күндей шежірелі, бүгінгі күндей әсерлі.

80 жыл бойғы газеттің әр нөмірі Ұлытаудай киелі жердің дәуірге арнаған үні мен жыры, сыры мен мұңы іспетті. Осы мерзім ішінде бір сәт те толастамай, жылт еткен жақсы жаңалықтардың жаршысы, тың ізденістер мен жаңаша пайымдаудың ұйытқысы бола білді, қиын-қыстау күндерде халықтың жағында тұрды, халықтың сөзін сөйледі, ел қамын ойлап, бірлік пен тірлікке үндер материалдармен табыстырды. Айталық, сұрапыл соғыс жылдарында газет «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен шығып, Ұлытау халқын жанқиярлық еңбекке үндеді. Соғыстан кейінгі жылдарда халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі өркендетуде, тың және тыңайған жерлерді игеруде газет өзінің үгітшілік, ұйымдастырушылық міндеттерін ойдағыдай атқарды. Түрлі кезеңдерде газетті Жұмабай Кетіков, Дихан Жұмабеков, Әбілқасым Әмірәлин, Көбейсін Еңсебаев, Төкен Оразбеков, Мағзұмбек Машайықұлы, Елтынды Дүйсенбаев сынды талантты тұлғалар басқарды.

Бүгінде данагөй абыздың жасына жетіп, сексен белестен асқан басылым ең алдымен еліміздің егемендігін темірқазық етіп ұстанған отандық ақпарат кеңістігіндегі бірден бір ақпарат көзі десек, қателеспейміз. Бір сөзбен айтқанда, «Ұлытау» газеті замана лебімен жаңа деңгейге көтеріліп, мазмұны мен сапасы тұрғысынан айтарлық дәрежеде жетістіктерге қол жеткізіп, нарыққа негізделген ақпарат кеңістігінде айтулы орны бар екенін мойындатып отыр.

Бұл – Ахат Құрмансейітовтің басшылығындағы ұжымның ерен еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да газеттің атқарар жұмыстары зор бола беретініне, елімізді көркейтіп, өркениет көшіне ілестіруге өлшеусіз үлес қосатынына сенімдімін.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

Бас редакторлар клубының вице-президенті.