Жас таэквондошылар ерледі
Күні кеше Жезқазған қаласындағы Таэквондоспорт орталығында 2015-2017 жылдары туған жасөспірімдер арасында таэквондодан қалалық ашық біріншілік өтті.
Айтулы додаға Жезқазған, Сəтбаев қалаларынан, Ұлытау ауданынан 400- ге жуық спортшы қатысты. Жарыста жасөспірімдердің мықтылары анықталып, қай өңірдің спортында серпін барын байқатты. Бір қуанарлығы, аудандық спорт мектебінен қатысқан алты таэквондошы осал емес екендігін дəлелдеп шықты. Олар өздерінің тас-түйіндей дайындықпен келгенін көрсетіп, жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Тарқатып айтсақ, 20 келі салмақта Айтөре Қапет, Төрегелді Айдар – үшінші орынды еншіледі. Осы салмақта бірінші орынға Əли Жетпіс иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. 22 келіде үшінші орынды Айтөре Мақсұт қанағат тұтты. Сондай-ақ, 24 келі салмақта Бекнұр Марат екінші орынды иеленді. Қыздар арасындағы бəсекеде 22 келі салмақта сынға түскен Кəусар Жетпіс үшінші орынға табан тіреді.
Бағы жанып мерейі өскен жеткіншектерге тиістілігіне сəйкес, дипломдар табыс етіліп, омырауларына арнайы əзірленген медальдар тағылды.
Айта кетерлігі, бұл балғындардың бапкері аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қайрат Əбілов. Бір ғажабы, жарысқа апарған алты шəкіртінің ешқайсысы ұтылғанда, жеңілген де жоқ. Намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінуге ұмтылды. Ұлт ұясы – Ұлытауға олжалы оралды. Жас таэквондошылардың жеңісі – ауданның абыройы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ