Құрметті Ұлытау ауданының тұрғындары!

Баршаңызды Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі, тәу етер жалғыз киеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Тәуелсіздік күні – еліміздегі теңдесі жоқ тарихи мереке. Тәуелсіздік пен теңдік – ең қымбат ұғым. Осынау құдіретті ұғымның астарында ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, абыздарымыздың айбынды үні, азаттық жолында қаза тапқан талай буын боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр.

1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміздің жаңа тарихы басталған еді. Содан бері Қазақстан өсу мен өркендеудің сан белесін бағындырып, тарихи жеңістерге қол жеткізді.

Елмен бірге Ұлытау ауданы да даму жолымен жүріп келеді. Өндіріс пен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда, ауыл шаруашылығы тың серпінге ие болды. Жаңа мектептер мен балабақшалар, денсаулық және спорт нысандары ашылды. Тұрғын үйлер бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Халықтың көші-қон үдерісі тұрақталып, әл-ауқаты жақсарды. Елді мекендердің келбеті жаңғыртылып, барлық деңгейдегі жолдар жаңарды. Абаттандыру бағытында игі шаралар атқарылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Мұның барлығы Ұлт Тәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің арқасында орындалып отыр.

Ардақты ағайын!

Біз азат ел екенімізді, өткеніміздің өнегесін, келешегіміздің кемелдігін зор мақтанышпен айтамыз. Сондықтан да, бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздікті қанша дәріптесек те артық емес.

Баршаңызды ұлық мереке –Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!

Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, береке мен бірлік, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туы тұғырлы болсын!

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

Ұлытау ауданының әкімі.

Талғат СЕЙТЖАНОВ,

аудандық мәслихаттың хатшысы.