Дзюдошылар додасы
Ұлытау ауданы орталығындағы спорт кешенінде Ұлттың ұлы тойы – Тəуелсіздік күні аясында дзюдо күресінен дəстүрлі түрде ұйымдастырылатын аймақтық турнир он екінші рет жалауын көтерді.
Айтулы дода Желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлесіміз, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Байболовқа арналды. Оған аудан əкімдігі қолдау көрсетіп, аудандық спорт мектебі дəнекерлік етті. Күн ұзаққа созылған дзюдо бəсекесінде 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер бағын сынады.
Турнирге Жезқазған, Сəтбаев қалаларынан, Жезді кенті, Ұлытау ауылынан 110 жасөспірім қатысып, тартысты бəсекенің бəсін арттырды. Жарыс 10 салмақ дəрежесінде өтті.
Айта кетейік, Дүйсенбек Байболов – 1962 жылы Ұлытау ауылында туған. Ол дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасының белсенді қайраткерлерінің бірі. Сол кезде Алматы қаласындағы электротехникалық байланыс техникумында оқыған. 1986 жылы екінші курс студенті екен. Жастармен бірігіп, ол да Брежнев алаңына шеруге шығады. Қайрат, Лəззат, Ербол сынды ұлт үшін басын қатерге тіккен қазақ жастарының арасында болған.
Алаңдағы мұздай қаруланған жасақтарға қарсы айқасқан топтың ортасында болып, Желтоқсан оқиғасын басынан кешеді. Осының салдарынан оқудан шығарылып, үстінен қылмыстық іс қозғалады. ҚазКСР Жоғарғы Соты оны Кеңес халқы үшін «аса қауіпті қылмыскер» деп айып тағады. 1987 жылы 17 ақпандағы Қазақ КСР ҚК-нің 60, 65-баптары бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Мұның соңы түрмеге отырумен шектеледі. Жаза өтеу орындары жиі ауыстырылып, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент, Омбы, Томск, Орынбор, Новосибирск, Өскемен түрмелерінде отырып шығады.
Уақыт өте келе 1990 жылы Қазақ КСР-нің Жоғарғы Сотының қаулысымен Дүйсенбек Байболұлының іс-қимылында қылмыстық құрам болмаған делініп, оның үстінен қозғалған іс қысқартылады. Бұдан кейін 1993 жылы «Саяси қудалауға ұшырағандарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес тағылған айып тан біржола ақталғандығы туралы қағаз алады.
Осындай Желтоқсан оқиғасының тірі куəгері, жерлесіміз Дүйсенбек Байболовқа арналған аймақтық турнирге облыс аумағынан келіп табан тіреген жаттықтырушылар мен дзюдошыларға аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек айшықты мейрам шеңберінде сындарлы сайыстың мəні мен маңызын тілге тиек етіп, турнирдің сəтті өтуіне тілек қосты. Өз кезегінде Желтоқсан оқиғасына қатысқан Дүйсенбек Байболов турнирдің жыл сайын үздіксіз жəне жоғары талап деңгейінде ұйымдастырылуына дəйекті негізде дəнекерлік ете білгендері үшін аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марғұлан Сəбденовке, оның ұжымына ризашылығын білдірді.
Жарысқа Əлихан Əбдіхалық бастаған төрешілер төрелік етті. Жеңімпаз жасөспірімдерге жүлдені аудандық спорт мектебінің басшысы Марғұлан Сəбденов тапсырды. Сонымен, 24 келіде Бекжан Жездібек (Ұлытау ауылы), 26 келіде Мейіржан Шырынбек (Жезқазған қаласы), 29 келіде Ернұр Өмірбек (Ұлытау ауылы), 32 келіде Бауыржан Оразалы (Ұлытау ауылы), 35 келіде Мирасхан Дүйсенов (Ұлытау ауылы), 38 келіде Əлихан Серғазы (Жезқазған қаласы), 46 келіде Нұрдəулет Серікбай (Сəтбаев қаласы), 50 келіде Əли Сейтмұханбет (Сəтбаев қаласы), 50-ден жоғары салмақта Бексұлтан Жарылқасын (Сəтбаев қаласы) – бірінші орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ, əр салмақ дəрежесіндегі екінші, үшінші орын жүлделерін Жезқазған, Сəтбаев, Жезді, Ұлытау дзюдошылары өзара бөлісті. Оларға да тиісті дəрежедегі дипломдар, медальдар табыс етілді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ