Мейірім нұры жауған күн

Аудандық мəдениет үйінде «Балалар жылы» аясында аудан əкімдігі мен аудандық білім бөлімінің қолдауы негізінде жергілікті Өнер мектебінің ұйымдастыруымен патронаттық тəрбиені насихаттау, дамыту жəне бала құқықтарын қорғау мақсатында «Мейірімді жүрек» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Аталған іс-шараның жұмысы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың бойына ізгілік нұрын сеуіп, тағдырдың ащы сынына ұшыраған жандардың жанын жадыратуға қоғамның назарын аударту болды. Осы мазмұндағы əңгімені аудан əкімі Аманжол Мырзабеков те қуаттады. Өзі де бұл бағытта патронаттық тəсілмен бала тəрбиелеп отырған отбасыларға қолдауын көрсететіндігін жеткізді. Бұдан соң қамкөңіл жетімдерге қамқорлығын аямай, мейірімді жүрекпен тəрбие берушілерге аудан əкімі ризашылығын біл діріп, Алғыс хатын табыстады.

Еңбегі еленгендердің қатарында Шолпан Жаппасбаева, Боранбай Еркінбаев, Қамария Аймағанбетова, Айгүл Анабаева, Венера Өсерова, Мереке Есеева, Гүлнар Бақтыбаева, Гүлнар Құлмағанбетова бар. Осы ата-аналардың қамқорлығындағы балаларға да бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Əдемі тілекті əсерлі əдептеген облыстық білім басқармасының басшысы Сафура Төлекова да мейірімге толы, қайырымдылық шарасына қолдау көрсетіп, жоғары деңгейде тиянақтаған аудан əкіміне, жергілікті білім бөлімінің ұжымына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, шара аясында Сафура Сейдуəлиқызы аудандағы қамқорлыққа жəне қорғаншылыққа алынған балалардың тəрбиесіне атсалысқаны үшін Патимат Сұлтанхамитқызына, Берік Серікұлына, Анар Əлиасқарқызына – Ұлытау облысы білім басқармасының Алғыс хатын тапсырды. Одан кейін де марапаттау рəсімі жалғасып, облыстық білім басқармасының басшысы өңірдегі бірқатар білім беру қызметкерлерінің еңбегін еледі.

Аудандық білім бөлімінің балалар құқығын қорғау ісі бойынша бас маманы Гүлназ Тəліповаға – ҚР Оқу ағарту министрлігінің Алғыс хатын табыстады. Аудандық білім бөлімінің экономисі Алмас Искаковты – Ұлытау облысы əкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымовтың өңіріне – «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіні тақты.

Балалардың жанын жадыратқан шырайлы шара аудандық балалар Өнер мектебінің концерттік бағдарламасына жалғасты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ