«Адалдық алаңы» жобасы аясында
Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру қоғамдық дертке қарсы қозғалысқа қалың бұқарамен тарту арқылы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендету – бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда, Ұлытау ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде өткен жылы «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» бұрышы ашылған еді.
Содан бері жоғарғыда аталған жоба бойынша ауданға қарасты кітапханаларда іс-шаралар өткізу іске асып келеді. Бұл жоба жемқорлықты түп-тамырымен жоймаса да, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім деңгейін көтеріп қана қоймай, адамның санасына ой түсіріп, адамды қоғамды түзетуге бағытталып отыр. Жобаның міндеті – «тұрмыстық» жемқорлықты жойып, қарапайым халықтың алаңсыз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Осындай ізгі мақсатта ұйымдастырылған «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» атты шара жуырда Салтанат Ниязова басқаратын аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде өтті. Бұған Ұлытау аудандық прокуратурасының прокуроры Сырлыбай Байбосын, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Иса Досанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Кəренов, аудан əкімі аппаратының Заңнамалық бақылау жөніндегі бас инспекторы Серікболсын Кемелбек, сондай-ақ аудандық деңгейдегі мекеме, бөлім қызметкерлері, №1 Ұлытау тірек мектебінің мұғалімдері мен оқушылары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Шара аясында есімі жоғарғыда аталған азаматтар тарапынан тақырыпқа сай көкейкесті мəселелер жан-жақты талқыланып, оның жолын кесудің оңтайлы тəсілдері туралы жиынға келушілермен кеңес өткізілді. Əңгіме барысында бейнеролик арқылы оқушыларға парасаттылықтың негізгі қағидалары түсіндіріліп, адалдық, шыншылдық тақырыбында мағлұматтар берілді. Сонымен қатар, кітапхананың абонемент бөлімінің кітапханашысы Айдана Төребай жас буын назарына «Парасат жолы» бұрышы аясын да ұйымдастырылған көрмені ұсынып, өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік жəне патриоттық тəрбие беру бағытында көңілге қонымды əңгіме өрбітті.
Өз кезегінде аудандық прокуратурасының прокуроры Сырлыбай Байбосын бар əлемнің өзекті мəселесіне айналған сыбайлас жемқорлық туралы толғақты сөз қозғады.
«Ең бірінші, сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою – қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-əрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы керек. Əркім өз атына кір келтіретін əрекеттерден өзін аулақ ұстағаны жөн. Сыбайлас жемқорлықтың заманымен бірге өсіп-өркендеуіне жол бермейік» деді. Бұдан кейін оқушылар тарапынан туындаған сан алуан сауалдарға Сырлыбай Əбдіманапұлы тиянақты жауаптар қайтарды.
Кеңес қорытындысында ортаға салынған ой-пікірлер екшеліп, тиянақты тұжырымдар жасалды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ